Жалағаш ауданында электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды. Былтыр Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 922 млн. теңге бөлініп, пайдалануға берілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. БАҚ өкілдерімен кездескен аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады.
– Аталған жобалар нәтижесінде аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 45,2 пайыздан 32,5 пайызға төмендеді. Қазіргі уақытта Жалағаш кенті, Еңбек, М.Шәменов ауылдарының электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге демеушілер есебінен жоба сметалық құжат дайындалып, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Бүгінде аудан халқының 46,6 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Ақсу, М.Шәменов елді мекендері газге қосылды. Бұл мақсатта бюджеттен 1 млрд. 83 млн. теңге қаржы бөлінді. Елді мекендерді табиғи газ желісіне қосуды жалғастыру мақсатында Бұқарбай батыр, Қаракеткен, Далдабай елді мекендерін газдандыру жұмыстарына демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджетке қаржыландыруға ұсынылды, – деді аудан басшысы.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!