2025 жылы Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсіммен орындалып, инвестициялық белсенділік пен кәсіпкерлік қарқыны артты. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Өткен жылы аудан экономикасының негізгі салалары тұрақты өсім көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 102,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 108,2 пайызға жетті. Инвестициялар тарту 101,3 пайызды, бөлшек сауда 100,2 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 100 пайызға орындалып, тұрғын үй көлемі 104,3 пайызға, құрылыс жұмыстары 115,1 пайызға артты. Аудан бюджеті 9,2 млрд теңге болып бекітіліп, жыл соңында 9,5 млрд теңгеге нақтыланып, толық игерілді. Өз кірістеріміз 2,6 млрд теңгені құрап, 116,8 пайызға орындалды. Қазіргі таңда ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 806 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 166,5 млн теңгеге 33 жоба қаржыландырылып, 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылып, өңдеу саласында жаңа өндірістер ашылды. Бұдан бөлек, құны 51 млрд теңге болатын «Harvest Agro Holding» компаниясының ірі инвестициялық жобасы қолға алынды. Бұл аудан үшін тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды инвесторлық жоба болмақ, – деді Ардақ Ибраимов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
