8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген нәзікжандылардың бірі және бірегейі жайлы айтып өтпекшіміз.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасында погондағы қыздардан бөлек жұмыс атқаратын қыз-келіншектерде бар. Олардың бірі Жанабаева Зейнегүл Хабасовна 1963 жылы бұрынғы Семей облысында дүниеге келген. Зейнегүл апай жалпы ішкі істер саласында 1990 жылдан бастап қызмет атқарып, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімінде 2009 жылдан бастап жетекші маман ретінде абыройлы қызмет етуде. Жолдасы Жанабаев Бейсенбай зейнеттегі полиция подполковнигі. Ол көптеген жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет атқарып, зейнетке Қызылорда облысы бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметінде болған.
«Құқық қорғау органдарындағы қызмет туралы, жұмысындағы қиындықтар мен сынақтар туралы осы отбасындағы балалар жақсы біледі. Жас кезінен қыздарым Әлия, Жансая мен ұлым Нұрсұлтан әкелерінің қылмысқа қарсы күрес туралы әңгімелерін тыңдап, оны жұмыстан асыға күтетін. Есейген шақта олар өз тағдырларын сан жолдан таңдап, өз білімдерін шыңдап, қазіргі таңда әрбір саланың мамандары. Үлкенім Әлия ғана осы ауыр да жауапты саланы таңдаған полиция майоры. Өзімнің бауырлас аға- інілерім де ішкі істер органдарында белді қызметтерде болған, құрметті азаматтар».
Зейнегүл апа бақытты жар, ана, әже. Бос уақытында көбіне отбасы мүшелерімен емен-жарқын әңгімелесіп, тәтті тағамдар дайындап, кітап оқығанды жаны сүйетін нәзік жан. Одан бөлек немересіне қарап, оның тәтті қылықтарына тоймай жүрген әже.
«Егер бала кішкентайынан құқық қорғау саласы туралы жетік біліп, көріп өссе онда олар полицейлердің қандай қызмет атқаратындығын ерте түсінеді. Менің отбасым менің, жолдасымның жұмысының ерекшелігін жақсы біледі, олар үшін бұл қалыпты жағдай. Бұл отбасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді. Отбасы мүшелері жұмысыңды қолдап, түсіністікпен қарағанда бұл қызметте үлкен сәттілік пен бақыт әкеледі. Менің жұмыс бабындағы абыройым отбасымның тілеуінде деп білемін».
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!