Apple компаниясы iPhone 17 телефонының төрт жаңа үлгісін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа өнімдердің ішінде ең ерекше жаңалық – iPhone Air блды. Оны компания «әлемдегі ең жұқа смартфон» деп атады. Бұдан бөлек, барлық үлгілер жақсартылған камералармен, сыйымдылығы артқан аккумулятормен және басқа да мүмкіндіктермен жабдықталған. Барлық жаңа құрылғылар ең жаңа A19 чипімен жұмыс істейді. Ол әсіресе жасанды интеллект функцияларын тиімді іске қосуға көмектеседі.
Бағасы қандай?
Apple жаңа смартфондарына алдыңғы жылдардағыдай баға саясатын сақтап тұр:
- iPhone 17 – шамамен 800 доллар – 432 мың теңге;
- iPhone 17 Pro – 1100 доллар – 594 мың теңге;
- iPhone 17 Pro Max – 1200 доллар – 648 мың теңге;
- iPhone Air – 1000 доллар яғни 540 мың теңгеден басталады.
Айта кетейік, биыл Pro үлгісі 100 доллар қымбаттаған. Дегенмен компания 2020 жылдан бері ұстанып келе жатқан 800–1200 долларлық бағаны сақтап отыр.
Жаңа камера және қуатты батарея
Жаңа линейкадағы барлық смартфондарда фронтальды камера кеңірек бұрышпен сурет түсіре алады. Жаңа сенсордың арқасында телефонды бұрмай-ақ альбомдық және басқа да режимдерде селфи жасауға мүмкіндік береді.
iPhone Air екі камерадан бір уақытта видео түсіру функциясымен ерекшеленсе, Pro және Pro Max үлгілері қуатты телеобъективке ие. Компания бүкіл линейканың аккумулятор жұмысы ұзаққа созылатынын атап өтті. Әсіресе iPhone Air – Apple тарихындағы ең энергия үнемдейтін смартфон болмақ.
Жасанды интеллект мүмкіндіктері
Жаңа құрылғылар iOS 26 операциялық жүйесімен жабдықталады. Бұл жүйе экрандағы әрекеттерді түсініп, скриншот жасауды жеңілдетеді, сондай-ақ мәтінді аударуды нақты уақыт режимінде жетілдіреді.
Сонымен қатар, iPhone 17 линейкасында фронтальды камераға арналған жаңа «Center Stage» функциясы пайда болды.
Сарапшылардың айтуынша, Apple жасанды интеллект нарығында әлі де бәсекелестерінен қалып келеді. Өткен жылғы iPhone 16 үлгілерінің сатылымы күткендей болмаған. Себебі компания Siri дауыстық көмекшісін жасанды интеллект негізінде жаңартуды келесі жылға қалдырған.
Айта кетейік, Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралғаннан кейін Apple таныстырған алғашқы смартфондар. АҚШ президенті енгізген жаңа кедендік баждар көптеген тауардың өзіндік құнын өсіріп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, егер iPhone өндірісін АҚШ-қа көшіру талабы орындалса, құрылғылардың бағасы екі-үш есеге дейін қымбаттап кетуі мүмкін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!