Сейсенбі, 24 желтоқсан, 06:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа заң: Онлайн әлемнің жауапкершілігі

15.07.2023

382 0

          Шілденің айтарлықтай жаңалықтарының бірі – Мемлекет басшысының «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» туралы заңға қол қойды. Жаңа заңның медиа саласы үшін әкелер жаңалығы және ел игілігіне әкелер пайдасы қандай деген сұрақ жоқ емес. Жалпы еркін ақпарат тарату алаңына айналған әлеуметтік желілерді заңмен реттеу мәселесі көптен бері айтылып келеді.

          Әлеуметтік желілерді реттеуге арналған заңда «инфлюенсер» деген жаңа ұғым бар. Яғни блогер әлеуметтік желілерде жариялаған ақпаратының жауапкершілігін де арқалайды. Бүгінгі күнге дейінгідей, айтылды-қалды деген түсінік болмайды. Сонымен қатар аудиториясы кең блогерлер жарнамалық ақпарат салғанын белгілеуге міндетті. Яғни оқырман оның жарнама екенін білуі тиіс. Сонымен қатар ақылы жазбалар үшін салық төлеуге міндетті екені де заңда қарастырылған. Тағы атап айтарлығы, Онлайн-платформа иелеріне жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК немесе 69 мың теңгеге, ал блогерлерге – 40 АЕК, 138 мың теңгеге айыппұл салынады. Бұл орайда Президент Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске түзетулер енгізіп, қол қойды. Сонымен бұл заң негізгі мақсатына жете ала ма деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

          Жаңа заң онлайн платформалар қызметін реттеудегі мақсаты туралы заң әзірлеудегі жұмыс тобының төрағасы қызметін атқарған Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бұл құжаттың интернеттегі буллинг, балаларды қорлау, адамдарды кемсіту, алаяқтықты тізгіндеуді мақсат еткенін айтады.

          – Басты мақсат – онлайн-платформа және онлайн-жарнама мәселелерін құқықтық реттеу. Заң онлайн-платформалардың жұмысын Қазақстан Республикасының заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады. Заңныңміндеті – әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу. Заңның басты новеллалары онлайн платформаларды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді,– дейді Мәжіліс депутаты.

          Ал осы заңның шығуына бастамашы болған депутаттардың бірі Айдос Сарым мұндай заңның қажет екенін өмірдің өзі дәлелдеп отырғанын, әрбір адам осы заң арқылы мемлекет қолдауында екенін сезінетінін алға тартады. Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, өткен жылдың өзінде әлеуметтік желілер арқылы 5 мыңнан аса жалған ақпарат тарату фактілері орын алған екен.

          – Біріншіден, адам құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталайық. Біздің азаматтарымыз артында күшті мемлекеттің тұрғанын айқын сезінуге тиіс.           Мемлекеттік тіл мәселесі бар. Қазір техногиганттар әлеуметтік желідегі ақпаратты бірден қазақ тіліне аударатын мүмкіндікті қарастырып жатыр. Біз енді бұл үрдісті барлық әлеуметтік желілер жүзеге асыратындай жағдайға жеткізгіміз келеді, модерацияны да қазақ тілінде жүргізу мәселесін қойып отырмыз. Себебі біздің қазақтілді аудиторияның құқығы да қорғалуы керек.        Келесі – онлайн жарнама мәселесі. Азаматтар қаржы пирамидасына, басқасына алданбау үшін онлайн жарнамаларды қадағалау мәселесі көтеріліп отыр. Сондықтан блогер, инфлюенсер деген ұғымдарын енгізіп, заңда бекітіп, алдымен кәсіпкерлік кодекске, кейіннен жыл аяғындағы салық кодексіне еніп, көлеңкелі экономикада жүрген қаражаттың бәрін жарыққа шығару керек деп есептейміз. Жарнаманың 60 пайызы интернет арқылы жүріп жатқаны белгілі және бұл триллиондаған ақша болуы да мүмкін, – деген пікірін білдіреді.

          Жаңа заңға Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желідегі парақшасына және «Егемен Қазақстан» газетіне «Жаңа медиа һәм жаңа мүмкіндік» атты мақаласында бұл құжаттың медиа саласына серпін әкелетінін жазды.

          Министрдің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзіне айналды. «Баршаға белгілі, әлеуметтік желілер бүгінде негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды. «Қоғам тынысының барометрі» атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті. Мәселен, күні кеше ғана Reuters Institute жариялаған биылғы «Дижитал жаңалықтар есебі» бойынша, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған. Осыған байланысты Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырғаны белгілі. Бұл орайда медиа қауымдастық және қоғамның пікіріне құлақ түріп, әлемдік тенденцияларды мұқият зерделеп, масс медиа туралы заңнама мен онлайн платформаларға арналған ережелерді бөлек қарастыруды жөн санадық. Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасындағы онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіздер қалыптастырады, онлайн платформалар және онлайн жарнама саласындағы реттеудің нормативтік негізін консептуалдық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді. Оған қоса, Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қызметтер туралы заңның баламасы іспетті бұл заң әлемдік әлеуметтік желілердің интерфейсін қазақшалау, инфлюенсерлердің жарнамасын таңбалау, заңсыз контентті неғұрлым тиімді модерациялау мәселелерін де реттейді. Заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бойынша қажетті шаралар қабылданады. Басқаша айтқанда, офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі. Жалпы қабылданған заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыру үшін онлайн платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қазірдің өзінде әлемге әйгілі әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар әріптестік орнатуға ықыласты екендіктерін танытып, кейбірі өкілдерін тағайындады. Осы орайда заңға бастамашы болған депутаттарға, жалпы Мәжіліс және Сенат депутаттарына, жұмыс тобының мүшелеріне, ұсыныс айтқан, қолдау білдірген барша белсенді азаматтарға алғыс айтамыз. Жаңа заң ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», –деп жазды.

          Демек, әлеуметтік желі еріккеннің ермегі болмайды. Бір сөзбен айтқанда, онлайн әлемнің де жауапкершілігі бар. Әрбір сөздің сұрауы болатын уақыт келді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: