Қазақстанда 3 қаңтардан бастап абоненттік нөмірлерді сатып алудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді азаматтар SIM-картаны қолдану үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс. Бұл талаптың қалай жұмыс істейтіні туралы Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков түсіндіріп берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкіметте өткен брифингте Дамир Сейсембеков жаңа ереже бойынша SIM-картаның өздігінен іске қосылмайтынын айтты. «Егер сіз, айталық, дүкенге барып SIM-карта сатып алсаңыз, ол өз атыңызға биометриялық сәйкестендіруден өтпейінше жұмыс істемеуі тиіс», деді комитет басшысы.
Биометриядан өту жолдары:
- Хабарлама арқылы: Абонент SIM-картаны телефонға салған кезде, оған арнайы нұсқаулық жазылған хабарлама келеді.
- Мобильді қосымша арқылы: Еліміздегі үш ірі байланыс операторының қосымшаларында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған.
- Ресми бөлімшелерде: Егер азаматта смартфон болмаса, сондай-ақ биометриядан өту қиындық тудырса, ұялы байланыс операторларының ресми сату бөлімдеріне жүгінуіне болады.
«Жалпы алғанда, бүгінгі таңда дүкеннен SIM-карта сатып алудың еш мәні жоқ деп есептеймін. Мұны операторлардың мобильді қосымшалары арқылы оңай жасауға болады», деп түйіндеді Дамир Сейсембеков.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
