Жұма, 01 тамыз, 02:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№ 56, 2169
29.07.2025
PDF мұрағаты

Жаңақорған: Газдандыру жұмыстары қарқын алуда

31.07.2025

105 0

Жаңақорған ауданында тұрғындарды көгілдір отынмен қамту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда газбен қамтылған елді мекендер саны артып, жаңа ауылдарға газ жеткізу үшін құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұл – өңір халқының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жаңақорған ауданының әкімі Мәжит Самитов мәлімдеді.

– Қазіргі таңда 8 елді мекен газдандырылып, аудан халқының 52 пайызы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Биыл тағы 7 елді мекен – Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Ақжол, Ақсуат және Өзгент ауылдарын газбен қамту жұмыстары басталды. Аталған жобалар аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 65 пайызға дейін өседі. Ал елді мекендер бойынша қамту деңгейі 23 пайыздан 43 пайызға жетеді. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің батыс жағалауында орналасқан Қожакент, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай, Ақжол, Ақсуат және Өзгент ауылдарын газдандыру мақсатында қажетті құжаттамалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Бұдан бөлек, Бесарық ауылына автоматты газ тарату станциясын орнату және Түгіскен елді мекеніне дейін жоғары қысымды газ құбыры мен ауылішілік желілерді тарту бойынша жоба әзірленуде. Бұл жоба жүзеге асқанда, 13 елді мекен – Түгіскен, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл, Көктөбе, Бесарық, Кеңес, Бесарық бекеті, Манап, Талап бекеті және Аққұм ауылдарына көгілдір отын жеткізіледі. Газдандыру – тұрғындар үшін ең өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жалғастырамыз,  – деді Мәжит Самитұлы.

Жаңақорған ауданында жол сапасын арттыру, ауылішілік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елді мекендердің көлік қатынасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 

– Аудан халқының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі – жол инфрақұрылымын дамыту. Биыл облыстық маңыздағы «Байкенже-Қарғалы-Шиелі» жолының бір бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар аудандық маңыздағы жолдардың жағдайы жақсарып келеді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 96 пайыздан асты. Атап айтқанда, «Самара-Шымкент-Екпінді» және «Әбдіғаппар-Төлек ата-Хорасан ата» бағытындағы екі жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар толық аяқталған соң аудандық маңыздағы жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 98 пайызға жетеді. Ауылішілік көшелерге келсек, қазіргі таңда 15 елді мекенде 35 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жалпы ұзындығы 50 шақырымнан асатын жолдарды қамтиды. Жыл соңына дейін аяқталған соң, көше жолдарының жағдайы да едәуір жақсарып, қанағаттанарлық деңгейі 66 пайызға дейін жетеді деп күтілуде. Жаяу жүргіншілер мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шаралар қабылданған. 7 елді мекенде 8 көшеге тротуарлар салынуда. Сонымен қатар, 10 елді мекеннің 27 көшесіне көше шамдары орнатылып, жарықтандыру жүйелері жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы – аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ауданның инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңғыртыла беретін болады, – деді Мәжит Самитұлы.

Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Биылғы жылы егіс көлемі ұлғайып, су үнемдеу технологиялары енгізіліп, агротехникалық шаралар уақытылы атқарылуда. Шаруашылық құрылымдары өз әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа техникалармен жарақтануда. 

– Биыл ауданда 35 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде күріш – негізгі дақыл ретінде 7 300 гектарды құрап отыр. Бұдан бөлек, күздік және жаздық бидай, тары, жүгері, майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша өнімдері мен жоңышқа сынды дақылдар кең көлемде егілді. Жалпы ауданда 781 шаруашылық тіркелсе, соның 460-ы егін шаруашылығымен, 234-і күріш дақылын өсірумен айналысады. Су тапшылығын болдырмау мақсатында көктемгі егіс науқанына дейін 43 шақырымды құрайтын 17 канал тазаланып, су айналымы бойынша кезектілік кестесі әзірленіп, бекітілді. Қазіргі таңда су жетіспейтін танаптарға насос орнатылып, қашыртқы суларды қайта пайдалану жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 100 гектарға жуық жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Мәселен, Сунақата ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығы 14 гектар жерге осы технологиямен бақша өнімдерін екті. 2025 жылдың егісіне қажетті минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер алынған. Егілген дақылдар толық агротехникалық шаралармен қамтылып, уақтылы күтім жасалуда. Тау бөктеріндегі шаруашылықтар жер асты суларын тиімді пайдалана отырып, бақша өнімдерінің көлемін арттырды. Әсіресе қарбыз дақылының көлемі 1 500 гектарға жуықтады. Жиналған өнімдер Ресейге және еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілуде. Ауыл шаруашылығы – біздің аудан экономикасының басты тірегі. Бұл салада еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен заманауи техникалар қажет. Биыл шаруашылық құрылымдары өз қаражаттары мен лизинг есебінен 15 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Сонымен қатар, биылғы жылы 4 000 гектар күріш алқабы лазерлік тегістеуден өткізілді. Бұл – өнім сапасын арттыру мен суды тиімді пайдаланудың нақты көрінісі, – деді Мәжит Самитұлы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: