Дүйсенбі, 06 қаңтар, 01:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№103 — 2113
31.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңақорғанда 124 отбасы баспаналы болды

03.01.2025

172 0

Бүгін Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 124 пәтерлік 62 жаңа тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы Жаңа жылда жаңа баспанаға ие болған тұрғындарға ізгі тілегін арнады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі» деп ерекше атап өтті. Сыр өңіріндегі мақсатты бастамалардың нәтижесі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіндегі оң өзгерістерден анық байқалады. Бір ғана құрылыс саласына тоқталсақ, тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, өткен жылы 864 мың шаршы метрге ұлғайды. Өткен жылы бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд. 100 млн. теңге бөлініп, 2 500-ден астам пәтер пайдалануға берілді.
Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Бүгін міне, аумағы 10 мың шаршы метрден асатын тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, иелеріне салтанатты түрде табыстауға жиналдық. Жаңа баспаналарды уақытылы әрі сапалы салған құрылыс мекемелеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін бүгін айтулы күн! Жаңа қоныс – жақсылықтың бастауы. Баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналсын, баршаңызға құтты болсын! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын, ардақты ағайын!»,-деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы Жаңақорған ауданының бюджеті 15 млрд. 800 млн. теңге болса, биыл 20 млрд. теңгеге жетіп, 20 пайызға өсім қалыптасты. Бұл қаржы аудан тұрғындарының көтерген мәселелерін шешуге бағытталуда. Мәселен, 1 млрд. теңгеден астам қаржыға 40 шақырым болатын 38 көше жөндеуден өтті. Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысы жүргізілуде.
Тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтуға ерекше мән берілуде. Аудан орталығы мен 7 елді мекенге газ келіп, халықтың 40 пайызы табиғи газды қолдануда. «Сүттіқұдық», «Жайылма», Қожамберді елді мекендеріне орталықтандырылған ауыз су жеткізілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Қаратөбе» ауылында дәрігерлік амбулатория ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Тәуелсіздік күні «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табысталды.
Одан бөлек, Жаңақорған кентінде «Қамқорлық» оңалту орталығы, 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі», Байкенже ауылында 150 орындық мектеп, «Бесарық» ауылындағы 375 орындық қосымша оқу ғимараты пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған кенті «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық, «Жаңарық» елді мекеніндегі 300 орындық мектептер жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Іс-шарада құрылыс мекемесінің мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов батасын берді.
Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.


@Қызылорда облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: