Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс 48 сессиясы өтті. Күн тәртібінде «2026-2028 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» мәселе қаралды. Сессия отырысына қатысқан қала әкімі Нұржан Ахатов биылғы жылы атқарылатын бірқатар жобаларға тоқталды.
Биыл қала бюджеті 94 млрд. 200 млн. теңгемен бекітілген болатын. Оның көлемі облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер арқылы 140 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаржылар өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Яғни, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй құрылыстары, ауыз су және кәріз су желелерін жаңғырту, газдандыру мен абаттандыру жұмыстары іске асырылатын болады.
«Жақын күндері аймақ басшысының қолдауымен қаладағы жолдардың аясы кеңейтіліп, бірқатары 4 жолақтыға ауыстырылады. Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елдімекеніне қосымша скважина орнатылып, биологиялық тазарту станциясын жаңғырту мен автоматтандыру жұмысы аяқталады. Жаңадан су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіледі. Қала мен елдімекендерді абаттандыруға екпін беріледі.
Әрбір әлеуетті іс әлеумет үшін жасалады. Яғни, бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен бетбұрыс десек, біз халықтың игілігі мен жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін ауқымды жобаларды Өздеріңізбен бірге атқара береміз», – деді Нұржан Сәбитұлы.
Халық қалаулылары күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
