Құтырма – бұл осы вируспен зақымданған жануарлармен тікелей жанасу арқылы, тістеу немесе сілекейлеуі мен тырнауы нәтижесінде тері-шырышты қабаттардың зақымдануымен берілетін аса қауіпті ауру.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы, яғни адамда аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 10-нан 90 күнге дейін, кейде 1 жылдан астам уақытқа созылады.
Құтырма ауруының арнайы емі жоқ, бірақ алдын алу өте маңызды. Сондықтан дәрігерлер жануарлардың тістеуі немесе тырнауы кезінде зардап шеккен адамға жараны сабынмен шұғыл жуу қажет екенін ескертеді. Өйткені сілтілі орта құтырма вирусын бейтараптандырады. Жарақаттанушы ары қарай дереу медициналық көмекке жүгініп, құтырмаға қарсы антирабикалық екпені алуы қажет.
Облыс аумағы аса қауіпті құтырма ауруының табиғи ошағында орналасқан. Ағымдағы жылдың 8 айында тұрғындар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ, дегенмен әр түрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шеккен 1426 адам медициналық көмекке жүгінді.
Зардап шеккендердің 76,1% – иттен, мысықтан – 20,3% және басқа жануарлардан – 3,6%. Жарақаттанушылардың 2,5% медициналық көрсеткіштеріне сәйкес ауруханаларға жатып ем алды, 49% шартты және 51% шартсыз курс бойынша құтырмаға қарсы антирабиялық екпемен қамтылды.Құтырма ауруына қарсы екпені уақытылы алу асқыну жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Тұрғындар арасында құтырма ауруының алдын алу шараларын күшейту мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы мамандарымен санитариялық-ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Гульмира Сыздыкова,
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!