Қазақтың мықтыларын, жүректілерін, білектілерін, тектілерін, батырларын, ақындарын, ғалымдарын оқығанда қуат алып, күшімізге күш қосылып отырады. Мұның барлығы қазақ болып туғаннан шығар. Бұл жолғы әңгімеге қанша айтсаң да, айтқың келе беретін, қанша жазсаң да таусылмайтын даңқты палуан, күш атасы Қажымұқанды өзек етпекпіз.
Белдескенде қарсыласының барлығын алып ұрып жыққан да, ырқына көнбеген жапонның бас терісін сыпырған да осы Қажымұқан бабамыз. Оқиға былай болған. 1912 жылы Қытайдың Харбин қаласында күрестен әлем чемпионаты өтеді. Балуандардың бәсіне біздің Қажымұқан бабамыз бен оның досы Поддубный да қатысқан екен. Ресейдің атынан шығып тұрған бұл екеуі қарсыласының барлығын жеңеді. Бас жүлде де Қажымұқан мен Поддубныйға тең бөлініпті. Бірақ, ұйымдастырушылар құйтырғы әрекет жасап, атақты Саракикиді жапон күресі бойынша жеңген адамды жеңімпаз деп танитындықтарын айтады. Сонымен, Қажымұқан атамыз Жапонияның чемпионы, джиу-джитсуды жетік меңгерген, жапон күресі бойынша қарсыласының барлығын жеңген Саракикимен белдеседі. Кейбір деректерде қос алыптың айқасын «Смертельная схватка» (Өлім айқасы) деп те атаушылық бар. Себебі, күрес кезінде жеңіс үшін түрлі әдістерді жасап, бір-бірін өлтіріп алса, кешірім жасау қарастырылған көрінеді. Қажымұқанды қайтсем жығам деген Саракики жапон күресінің әдістеріне салып, қол-аяғын қайырып ауыртпақ та болыпты. Екеуі ұзақ белдескен. Саракики мысықша ұмтылып, Қажымұқанның құлағын жаралап, ернін қанатып, денесін қан-жоса етіп тырналап тастапты. Қажымұқан ақыры болмаған соң Саракикиді төбесінен асыра лақтырып, үстіңгі ернінен ұстап, бас терісін сыпырып алғанға ұқсайды.
Жапондар Саракикидің өлімін әртүрлі етіп көрсетеді. Бір деректерде оны жынданып өлді десе, енді біреулері жүрек талмасынан көз жұмды дегенді айтады. Қажымұқан мен Саракикидің арасында «Өлім айқасы» болғаны ақиқат. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Екі мықтының айқасында Қажымұқанның жеңгені шындық.
Енді біздің киногерлер ұрпаққа үлгі болатындай Қажымұқан жайлы кино түсірсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!