Сенбі, 23 қараша, 01:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Жақыныңды бағала

13.06.2023

662 0

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемдегі әрбір бесінші әйел зорлық-зомбылыққа тап болады. Ең сорақысы, жігіттің қол көтергеніне қарамастан оған тұрмысқа шығатын қыздар бар. Мұндай некенің берік болуы екіталай. Арада бала болса, отбасындағы кикілжіңнің зардабын тартады. Өз анасының таяқ жегенін көріп өскен қыз баласында тұрмыс құруға деген теріс ұғым қалыптасуы мүмкін.

– Әйел – ер адамға берілген Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жасамау керек. Әйелді болашақ ұрпақтарының анасы ретінде сыйлап, аялай білсе әр әйел бақытты болар еді. Әйел бақытты болса, отбасы түгел бақытқа кенеледі, – дейді психолог Бекзада Ерназарова.

– «Жақсы әйел  жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді». Жанжал бір жақты болмайтыны анық. Отбасының тыныштығын сақтап қалу үшін әйел де тырысу керек. Еркек – әйелдің тұңғыш баласы тәрізді. Еркелетер жерінде еркелетіп, қолдауға зәру кезінде қолдаса – жылулық бар жерден қашпайды. Көп жағдайда әйел айтар сөзін саралап, он ойланып, мың толғанып сөйлеу қажет, – деп өмірлік тәжірибесімен бөлісті Несіпбай қария.

Белгілі журналист, мәдениет қайраткері – Бейсен Құранбек жұбайымен үйленер алдында бір-біріне 7 қағида жасаған. Қағиданың 5-шісінде: «Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше. Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз», – деген болатын. Отбасы – кіші мемлекет. Мемлекеттің тыныштығын сақтап, берекесін арттыруда ер мен әйелдің маңызы зор. Екі жақты жауапкершілікті қажет етеді. Ендеше өз бақыты үшін, балаларының бақыты үшін неге тату-тәтті отбасы болмасқа…

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) «Сыйластықтан асқан махаббат жоқ»,- деген болатын. Әйел – ерім деп ерін сыйласа, еркек – теңім деп жарын сыйласа отбасының керегесі кең, шаңырағы биік болары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, жақынын бағалай білгеннің көсегесі көгеретінін ұмытпайық!

Назкерімсұлу ӘУБӘКІР,

Қорқыт  ата атындағы Қызылорда университетінің

3-курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: