Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жас қари жаңа көлік жеңіп алды

02.10.2022

999 0

Сыр өңірінде «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан ХІ республикалық байқауы өтті. Рухани шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы,  ҚМДБ-ның әр облыстағы өкіл имамдары, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 80 үміткер қатысты.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде былай деген: «Сендердің ең абзалдарың Құранды үйренгендерің және үйреткендерің». Әрбір мұсылман Құранды түп нұсқадан оқу парыз. Тағы бір хадисінде «жүрегінде Құраннан аяты болмаған адам қаңырап құлағалы тұрған үй секілді» деген. Сол үшін де күллі мұсылман Құранды үйреніп, түйсіне түсуі қажет.

Екі күнге созылған байқауға үміткерлер Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа және мәнерлеп оқыды. Бұл байқаудың ерекшелігі діни басқарманың «YouTube» арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

– Аллаға сансыз шүкірлер болсын, жасынан Құран жаттаған қарилардың байқауын қорытындылап, марапаттап отырмыз. Осы байқауды өткізуге атсалысқан ҚМДБ ұжымы мен Қызылорда облыстық өкілдігіне, қариларды бастап келген әр облыстың бас имамдары мен барша дін қызметкерлеріне, сонымен қатар демеуші болған Бахаридин Нұғманұлына, Сәдуақас Олжабаев қариымыз бастаған қазылар алқасына алғысымды білдіремін. Байқауға қатысқан қариларымыздың бәрі жеңімпаз атанды деп санаймын. Өйткені бұл байқау әрбір қариға үлкен жігер сыйлады. Жүлделеріңіз құтты болсын, – деді бас мүфти.

ҚМДБ төрағасы байқауды ұйымдастырған азаматтар мен қазылар алқасын алғыс хатпен марапаттады. Қазылар алқасының шешімімен 4 аталым бойынша жеңіс тұғырынан көрінген қарилар марапатталды. «Мәнерлеп оқу» бойынша І орынды  Атырау облысынан келген Арман Жамбылұлы жеңіп алды. Ал ІІ орын астаналық Азамжан Ысмайылға бұйырды. ІІІ орынды  Алматыдан келген Баубек Бектұрғанов еншіледі. Жеңімпаз қариларға 300-700 мың аралығында қаржылай сыйлығы берілді.

Сонымен қатар «10 пара» бойынша: І орын қара­ғандылық Есімбек Арсенге, ІІ орын Маңғыстаудан келген Ермек Жұманазаровқа,  ІІІ орын Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан Садриддин Абдукаримовке бұйырды. Жас қариларға 750 мың, 1,5 млн. теңге қаржы­лай сыйлық берілді.

Ал «20 пара» бойынша: І орынды алматылық Ақмал Рақымқұлов қанжығасына байлады.  Сондай-ақ ІІ орынды  Алматыдан келген Абдулбақи Абдилазиз жеңіп алды. ІІІ орынды  түркістандық Игілік Исламнұры мен маңғыстаулық  Мұхаммед Ығылман бөлісті.  Бұл жеңімпаз қариларға 1 млн теңге мен 2 млн теңге ара­лығында қаржылай сыйлық табысталды.

Ерекше айта кету керек, қаншама үміткердің арасынан үздік шығып, «30 пара» бойынша жеңіске жеткен Жамбылдық жас қари Иманәлі Мырзагелдіге автокөліктің кілті берілді. Ал ІІ орын алған алматылық Нығматулла Абдазимов 3 млн теңгені жеңіп алды. Сондай-ақ ІІІ орын Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Рауашан Хабиоллаға бұйырып, 2 млн теңгеге ие болды. Ал алматылық Нұртілеу Сейітқасым ІV орынды қанжығасына байлап, 1 млн теңгені сыйлыққа алса, V орын 700 мың теңге қостанайлық Абай Шыңғысұлына бұйырды.

Ал «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша ынта­лан­дыру сыйлығы 500 мың теңгенің сертификаты Сыр өңі­­рінің атынан қатысқан Аюбай Нұр-Мұхаммед қариға берілді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: