Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу арқылы жан-жақты жаңғыртуымыз керектігін атап өтті.
– Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет, – деді Президент.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттарын айқындайтын Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажеттігін атап өтті. Аталған заң жобасында жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану сияқты мәселелер нақтыланбақ.Президент бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін жаңа технологиялық қалыпқа сай бейімдеу керектігін айтты. Осы орайда, Президент қазіргі құзыретті ведомство негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынып отыр.
– Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллектіні жаппай енгізу қажеттігін тапсырды. Мемлекет басшысы еліміздің алдағы дамуы цифрлық технологияларды жылдам меңгеруге тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті. Ол Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрландырылған мемлекетке айналуға тиіс екенін айтты. Президент Жолдауында сонымен бірге жаңа Alatau City қаласын ерекше үлгі ретінде атап өтті. Бұл жаңа қала Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қала болмақ. Президенттің айтуынша, «Қала өңірдегі алғашқы цифрлық қала болуы қажет. Smart-city технологияларын енгізуден бастап, тауарлар мен қызметтер үшін криптовалютамен төлем жасауға дейінгі мүмкіндіктер қарастырылуы тиіс». Жаңа Алатау қаласына арнайы мәртебе беру және заманауи басқару моделін енгізу қала жобасының табысты жүзеге асуын қамтамасыз етпек. Alatau City еліміздің инновациялық өрлеуінің бастауы болып, ұлттық экономиканы жаңа деңгейге көтеретін іскерлік және технологиялық хабқа айналуы тиіс.
Нұрлан Тұрганбаев,
Қызылорда қалалық мәслихат депутаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!