Сейсенбі, 24 желтоқсан, 07:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті

20.04.2023

840 0

Қоғамның ең ірі әлеуметтік тобы болып саналатын ел жастарына жан-жақты көмек көрсету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекеттің негізгі қозғаушы күші ретінде жастарға артылатын жауапкершілік жүгі қандай болса, қолдау мен берілетін мүмкіндік те дәл сондай аса маңызды мәселе. Дәл осы мақсатта жыл сайын өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылу барысын саралау, жастар саясатындағы негізгі мәселелерді шешу тетіктерін қарастыру мақсатында облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысы ұйымдастырылады.

Бүгін аталмыш Кеңес отырысының облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және басқарма басшыларының, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен биылғы жылға алғашқы отырысы өтті. Кеңес отырысында аймақта жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар, Арал және Жалағаш аудандарында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы маңызды мәселелер сөз болып, олардың шешілу жолдары ұсынылды.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы сөз алып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарының орындалуын сала басшыларына қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Бірер күн бұрын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Көлгінов Алтай Сейдірұлы облысымызда жұмыс сапарымен болып, жастармен арнайы кездесті. Басқосуда мемлекет ұсынған мүмкіндіктер мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктері туралы сөз болып, жастардың сауалдарына жауап берді. Өңірімізде жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға көмектесу, тұрғын үй сатып алуына жәрдемдесу бағыттарында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Жастардың барлық санаттарын қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуы қажет. Оның ішінде, NEET (нит) санатындағы жастардың үлесін төмендетуге ерекше басымдық беріңіздер. «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі NEET санатындағы жастардың деректерін өзектендіру жұмыстарын 26 сәуірге дейін толықтай аяқтауды тапсырамын», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды кеңінен ақпараттандыру жұмыстарының үйлестірілуін тапсырды. Әсіресе, шалғай елдімекендерде тұратын жастар мемлекеттік қолдаулардан хабардар болуын, жастар жиі пайдаланатын интернет ресурстарда, әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдардың үздіксіз жариялануын тапсырды.

Қазіргі таңда өңірімізде жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға көмектесу, тұрғын үй сатып алуына жәрдемдесу бағыттарында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Биылдан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 35 жасқа дейін ұзартылды, НИТ санатындағы жастар ұғымы, жастармен жұмыс жөніндегі маман статусы Заңмен бекітілді. Осы ретте, шара барысында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарының мамандықтары бөлінісінде еңбек нарығының қажеттіліктеріне талдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерді, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп жүрген сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Кеңес отырысында жыл сайын әр салада жетістікке жетіп, мемлекеттік жастар саясатының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар жастарға «Сыр үміті» облыстық жастар сыйлығы табысталды. Өткен жылы 86 жас қатысуға өтінім берген аталмыш сыйлыққа комиссия шешімімен 15 жас лайық деп танылып, жиын барысында арнайы марапат ұсынылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: