Бүгін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы мен «JASTAR дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің бірлесе ұйымдастыруымен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту, жастар сұранысындағы қажеттіліктерді қамтамасыз ету мақсатында «Мүмкіндіктер керуені» ұйымдастырылды. Шараға арнайы қатысқан қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы жастарға мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер мен қолдауларға тоқталып өтті.
«Бүгінгі мүмкіндіктер керуенінің мақсаты – жастарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікке баулу, Отан қорғауға шақыру әрі отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру және құқықтық көмек көрсету болып табылады. Өздеріңіз білесіздер, биылдан бастап жастар категориясы 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда аймақта 250 мыңға жуық жас болса, ол көрсеткіш аймақ тұрғындарының 30%-ға жуығын құрайды. Жастарымыз аймақтағы ең маңызды салалар саналатын білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік-құқықтық, экономикалық-саяси қызметтерде жемісті еңбек етіп жүр. Сондықтан сондай жастарымыздың мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар мен мүмкіндіктерді жан-жақты пайдаланғанын қалаймыз», – деді басқарма басшысы.
Мүмкіндіктер алаңының мүмкіндігін 700-ге жуық жастар мен қала тұрғындары пайдаланып, тұрғын үй, құқықтық қызмет, жер мәселесі, алимент өндіру, кәсіпкерлік бағыттары бойынша сала мамандарынан кеңес алды. Оның ішінде кәсіби бағыт бойынша 180 жас, сала мамандарының кеңесіне 162 жас жүгінді.
Сондай-ақ, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жерлігікті 22 жұмыс беруші мекемеден 250-ге жуық бос вакансия, өзге өңірлерден 2000-ға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Аталған бағыт бойынша 320 жас маман кеңесіне жүгініп, жұмыс орындары туралы толық ақпараттар алды. Шара барысында 8 мемлекеттік мекеме, 3 акционерлік қоғамы, 4 оқу орнынан мамандар қатысып, жастарға бос жұмыс орындарына шақыру, кәсіби бағдар беру бойынша жұмыстар жүргізді.
Мүмкіндіктер алаңының басым бағыты жастарға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5% несие берудің тәсілін түсіндіруге бағытталды. Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Ә.Жақсылық арнайы баяндама жасап, өңір жастарына бағдарлама аясында несие беру жолдарын таныстырып өтті.
Шарада «Брейн-ринг» интеллектуалды-танымдық сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен арнайы жастардың қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жастар жиналған ортада уақытты ұтымды өткізу мақсатында шеберлік сағаты өткізілді. Арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылып, мемлекеттік бағдарламалар аясында брошюралар таратылды. Шара соңы өнерпаздардың ән кешіне ұласып, қатысушыларға керемет көңіл-күй сыйлады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!