Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Парасат жобасы» аясында жас қаламгерлердің шығармашылығына арналған «Жастықтың жалынды жырлары» атты жыр кеш өтті. Шараны №13, 19 қалалық кітапханалар бірлесіп ұйымдастырды.
Бүгінгі жастар – халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Қай заманда болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Кештің басты мақсаты – өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұралардың өміршеңдігін жас буынға ұғындыру. Өз шығармашылықтарын шыңдау, өлеңге, сөз өнеріне баулып, шеберліктерін арттыру.
Жыр кешіне облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш, ақын, қоғам белсендісі Зауре Үксінбаева, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бас әдіскері Сәуле Асқарова қатысты. Қазақта «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деген мақал бар. Қазақ халқында біртуар ақындар мен жазушылар көп-ақ. Бүгінде сол ағаларымыз бен апаларымыздың ізін жалғар жастар біздің ортамызда да жетерлік.
Шара барысында қаладағы Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Санақұл Бексұлтан, Ұлықпан Жолдасов, «Болашақ» университеті жоғарғы колледжінің 1 курс студенті Қақарша Сағадатқызы, «Орда» жоғары колледжінің 3 курс студенті Гүлсезім Ахметова Ұлданай Мақсетқызы, Сүйеніш Бекмырзақызы, «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің 1 курс студенті Перизат Жали мен Бекзат Қалдан секілді жас ақындардың өлеңдері тындалып, кітапшалары шығарылып таратылды.
Кеш соңы өнерпаздардың концертіне ұласты.
А.МЫРЗАҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!