Сенбі, 28 желтоқсан, 00:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жатақхана – басты мәселе

01.08.2023

854 0

Жаңа оқу жылының басталуына тура бір ай уақыт қалды. Студенттер қауымы санаулы күндерден соң буынып-түйініп, дайындала бастайды. Әсіресе Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда оқитын елдегі студенттер үшін ерте қам жасау керек. Себебі жатақхана бәріне бірдей жетпейтіні, жайлы да, арзан пәтер табу қажеттігі өзекті мәселе. Мұндайда жалға пәтер берушілер екі алақанын ысқылап отыратын белгілі. Жатақханадан орын таппаған студенттің амал жоқ, пәтер иесінің айтқан бағасына көнетіні сөзсіз. Осылайша студент үшін баспана басты мәселеге айналып отыр. Студент оқу оқи ма, баспана іздей ме? Бұл мәселе Үкімет

деңгейінде қаралды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сай­лауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб­тың отырысында студенттік жатақ­ханалардағы орын тапшылығы мә­селесін талқылады.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек биыл 11 мың орындық 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне арналған – 26, колледж студенттеріне арналған – 11 жатақхана пайдалануға берілетінін айтты. Министрдің ақпараты бойынша, 1,4 мың орындық 4 нысан жоспарлы мерзімінде пайдалануға берілмеуі мүмкін.

Министр жатақханалар құры­лысы кезінде инвесторлар кезігетін негізгі проблемалар қатарында ны­сандардың мақсатын өзгерту, заттай гранттар беру және ком­муналдық желілерге қосылу мүм­кін­дігінің шек­телуіндегі қиын­дықтарды атады.

Үкімет басшысы бұл мәселе уақытылы шешілмейтін болса, жағдай одан сайын қиындай бере­тінін атап өтті.

– Көптеген университет басшы­лары студенттерге тиісті жағ­дай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждердің сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары нашар», –  деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы оқуға қабылдан­ған студенттер жатақханада орын жоқ екенін орналасуға келген кезде бір-ақ білетінін, сосын оқуға дайындалудың орнына олар өз бетінше тұратын баспана іздеуге мәжбүр екенін айтты.

Премьер-министр 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан орын бөлу жұмыстарын барынша күшейтуді, сондай-ақ биылға жос­пар­ланған 37 нысанның барлығының мерзімінде тапсырылуын қамта­масыз етуді міндеттеді. Ол үшін ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту министрлері, облыс әкімдері тікелей жауапты екенін атап өтті.

Республикалық штаб отырысы­нан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, жауапты сала бас­шыларына бірқатар тапсырма берді.

– Республикалық штаб отыры­сында Үкімет басшысы студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. 2022-2023 оқу жылында облыстағы жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36 238 студент білім алды. Оның ішінде 5 793 студент жатақханамен қамтылған. Аймақтың 30 кол­леджін­дегі 20 672 студенттің 3646-сына жатақхана берілген. Облыс орталығы мен аудандардағы кол­ледждер жатақханаларында орын тапшылығы мәселесі болмауы тиіс. Жергілікті кәсіпкерлермен бірле­сіп, колледждердегі жатақхана қажеттілігі мәселесін жедел шешу үшін  шара қабылдаңыздар», – деді аймақ басшысы.

Жаңа оқу жылында Қорқыт ата атындағы Қызылорда универси­тетіне шетелдік студенттердің қа­былдануы, студенттер санының өсуіне орай жатақханаларда  орын тапшылығы болуы ықтимал.

Осыны ескеріп,  жаңа оқу жылы басталғанға дейін мәселені жедел шешуді тапсырды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіп­керлермен келіссөздер жүр­гізіп, жаңа жатақханалар салу мәселесін  қарау қажет. Облыс­тық білім басқармасына Арал индустриалды-техникалық кол­леджінің 75 орындық жатақханасын жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Мұнан бөлек, Қазалы аграрлы-техникалық және Қызылорда көпсалалы жоғары кол­ледждеріне қажетті жатақхана құрылыстарын кәсіпкерлермен бір­лесіп жүргізуді қолға алу жүктелді.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: