Бүгін «Достық үйінде» елдік маңызы зор Ұлттық Құрылтайдың V отырысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, бірқатар азаматтарға облыс әкімінің арнайы «Алғыс хатын» табыстады.
Шара барысында Мейрамбек Шермағанбет Ұлттық Құрылтайдың ел өміріндегі айрықша орны мен маңызына тоқталып, жауапты кезеңде ұйымшылдық пен жоғары кәсібилік танытқан мамандардың еңбегін ерекше атап өтті.
– Ұлттық Құрылтай – қоғамдық ой мен мемлекеттік ұстаным тоғысатын маңызды алаң. Мазмұны терең, мәні айрықша осындай маңызды жиынның жоғары деңгейде өтуі ортақ іске жауапкершілікпен қарап, бір мақсат жолында жұмыла еңбек еткен азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Атқарылған жұмыстар мен көрсетілген қолдау ел үшін маңызды бастамалардың табысты жүзеге асуына берік негіз қалады. Сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Алдымен өңірдің ақпараттық кеңістігінде кәсіби әрі жүйелі жұмыс жүргізіп, Құрылтай жұмысының сапалы ақпараттық сүйемелденуіне үлес қосқан облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері марапатталды. Сонымен қатар Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының қызметкерлері мен басқармаға қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы», «Қоғамдық келісім», «Өңірлік коммуникациялар қызметі», «Тілдерді оқыту орталығы», «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерінің мамандары да құрметке ие болды.
Шара соңында облыс әкімінің орынбасары марапатталған азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, өңірдің қоғамдық-саяси дамуына бағытталған маңызды бастамаларды бірлесе жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
