«Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ 2026 жылғы маусымға жаздық дақыл егістерін қуаңшылықтан сақтандыру полистерін субсидиялауға өтінім қабылдауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі, – деп хабарлайды KAZINFORM
Бағдарлама аясында мемлекет сақтандыру сыйлықақысының 80%-ын субсидиялайды, ал фермер тек 20%-ын төлейді.
Сақтандыру суарылмайтын жерлерге (2 және 3 фазалар) жүргізіледі. Өтінім беру мерзімдері өңірге байланысты.
Мәселен, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары бойынша, дәнді дақылдар — 2026 жылғы 1 сәуірге дейін; майлы дақылдар — 2026 жылғы 15 сәуірге дейін қабылданады.
Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Жетісу облыстары үшін дәнді және майлы дақылдарды сақтандыруға өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 3 наурызға дейін ұзартылды.
— Өтінімді Kezekte.kz платформасындағы АӨК сақтандырудың онлайн жүйесі арқылы беруге болады. Жеке кабинетте фермер егіс алқаптарын көрсетіп, сақтандыру компаниясын таңдап, шарт жасасып, сақтандыру сыйлықақысының 20%-ын төлеуі қажет. Қалған бөлігі мемлекет тарапынан субсидия түрінде сақтандыру компаниясына аударылады. Бағдарлама ықтимал қуаңшылық жағдайында аграрлық сала өкілдерінің тәуекелдерін азайтуға және жаздық дақылдар өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
