Әрине, жаз келді дегеннен оқу жылы аяқталып, демалысқа шығатын кез келді деуге болады. Мектеп жасындағы балалар үшін бұл кезеңнің маңызы ерекше. Күнделікті сабақтар артта қалып, осы уақытты балғындар барынша қызықты әрі көңілді өткізуді армандайды. Оның ішінде қала баласының үш ай демалысты тиімді пайдаланғаны жөн. Өйткені бос жүрген оқушы көше бұзықтарына еріп кетуі әбден мүмкін. Осы орайда, қалалық білім бөлімі балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға байланысты бірнеше іс-шара өткізуде.
Былтырғы оқу жылында оқушылар эпидемиологиялық ахуалға байланысты қашықтан білім алды. Онлайн форматта білім беру мен оқудың өзіндік жөн-жосығын ұстаздар қауымы мен оқушылар жақсы біледі. Осыған орай қазір білім беру сапасын арттыру және шектеу шаралары кезінде жіберілген олқылықтың орнын толықтыру үшін жазғы мектеп ұйымдастырылуда. Әрине, бұл – бала уақытын тиімді пайдалану үшін таптырмас мүмкіндік. Бір айта кетерлігі, мұны өткізу қосымша қаржыны талап етпейді. Мұғалімдер биылғы оқу жылына бекітілген тарификация шегінде жұмыс істеуде. Сондықтан оларға кезекті еңбек демалысы 19 маусымнан кейін берілмек. Оқушылар сабаққа еркін формада қатысады және оларға үй тапсырмасы берілмейді. Бұл жерде үлгерімі төмен оқушылар басты назарға алынған.
Сонымен қатар маусым айынан бастап, қаладағы 55 мектепте күндізгі тынығу лагері өз жұмысын бастады. Онда 7749 оқушы қамтылып, оқытуға 1106 педагог тартылды. Жазғы сауықтыру лагеріне бірінші кезекте жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасынан шыққан балалар қамтылады.
– Бүгінде балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицей жанынан құрылған «Балдырған» күндізгі тынығу лагері жұмыс істеуде. Алғашқы күннен бастап лагерь бүлдіршіндері қауіпсіздік шарасымен танысты. Мұндағы әрбір баланың демалыс уақыты қызықты өткізіледі деген сенімдеміз. Себебі, бір маусым бойы түрлі спорттық ойындар мен мерекелік шаралар өткізілмек. Қазір лагерге отбасылық тұрмыстық жағдайын тексеру арқылы 50 оқушы қамтылды, – деді мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Толқын Тастаева.
Бұл шараның басты мақсаты – демалысты балалар үшін тиімді өткізу. Олардың шығармашылық мүмкіндігін шыңдау мен жеке қызығушылығын ояту. Осылайша баланың мүмкіндіктерін дамыту. Сонымен қатар «Талдысу», «Зерентай» тынығу лагерлері ұйымдастырылмақ.
Лагерь – екі күнде бір болатын би кешімен, қызықты ойынымен, үлкен алау түбінде айтылатын әңгімесімен қызық. Тіпті онда 15 күн өткізсе де біраз жағымды естелік жинап қайтары сөзсіз. Біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал мән беріп қарасақ, жазғы лагерьлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы. Мәселен, балалар мұнда демалып қана қоймай, денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, достыққа бейімделеді.
– Жазғы демалысқа шыққан әрбір бала арман-қиялдың жетегінде, жүректері алып ұшып жүр. Қызым биылғы оқу жылын үздікке бітірді. Сондықтан мектеп жанынан ашылатын тынығу лагерінде тынығады. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған бұл жобаға қуаныштымыз. Себебі, қызым жыл сайын лагерьге баруға асығады. Балалардың жазғы демалысының қызықты өтуіне тікелей атсалысып отырған ұстаздарға алғысымыз шексіз, – деді көп балалы ана Анар Жансейтова.
Кейбір балғындар жазғы уақытын түрлі ізденулермен болашағына пайдалы болатын нәрселерді меңгеріп, үйреніп мәнді пайдаланады. Өкінішке орай, кейбірі текке өткізіп алады. Бұлардың бәріне жіті мән беріп, қадағалап отырар болсаңыз, оң нәтижесін берері анық. Балаңыз жазғы демалысты тек демалу, ойнау, қыдыру үшін асыға күтеді деп ойламаңыз. Сонымен қатар ата-анасымен әңгіме айтып, қасында көбірек болуды қалайды. Мейілінше балаға көңіл бөліп, қайта оралмас алтын уақытты бірге өткізуге тырысыңыз.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!