Әлеуметтік желілер мен бірқатар онлайн-платформаларда қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері науқасты көшеде қараусыз қалдырды деген мазмұндағы видео тарауда. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Роликке жүргізілген талдау видеодағы адамдардың Қазақстанға қатысы жоқ екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша:
- киім үлгісінде отандық жедел медициналық көмек бригадаларына тән мемлекеттік және ведомстволық белгілер жоқ;
- форманың түсі мен пішіні Қазақстандағы бірыңғай стандартқа сай келмейді.
Сонымен қатар, видеода эмоциялық әсерді күшейту мақсатында арнайы аудио жолақ қосылған. Бұл көрерменді жаңылыстыру және жағымсыз пікір қалыптастыру үшін қолданылатын манипуляциялық тәсілдерге жатады.
Тексеру нәтижесінде роликтің 2024 жылдың 11 наурызында Ресейдің Волгоград қаласында түсірілгені анықталды. Ол кезде оқиға ресейлік ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған. Бірқатар БАҚ-тағы мәліметтерге сәйкес, оқиға бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.
Осылайша, шетелде болған жағдайды Қазақстанның жедел жәрдем қызметімен байланыстыру – азаматтарды әдейі жаңылыстыру әрекеті.
Мамандар ақпараттық ресурстар мен паблик әкімшілерін дереккөздерді мұқият тексеруге, сондай-ақ мемлекеттік және медициналық қызметкерлердің беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратпауға шақырады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
