Қазақстанда құқықтық тәртіп пен әділеттілік қағидаларын нығайту жолында жеке сот орындаушылары институты маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары мен сот шешімдерінің нақты орындалуын қамтамасыз ететін бұл салада тек кәсіби әрі жауапты мамандар қызмет атқаруы тиіс.
Жеке сот орындаушысы болуға үміткерлер арнайы аттестаттаудан өтеді. Бұл рәсім Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекіткен тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады. Қызмет көрсету процесі электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді әрі ашық түрде жүргізіледі. Аттестаттау екі кезеңнен тұрады: алдымен үміткер заңнамалық тестілеуден өтсе, кейін арнайы комиссиямен әңгімелесуге қатысады. Тестілеу барысында үміткердің Қазақстан Республикасының Азаматтық, Қылмыстық, Әкімшілік кодекстері мен «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы бойынша білім деңгейі тексеріледі.
Жеке сот орындаушысы атану үшін азамат заңгерлік біліміне ие болып, сотталғандығы мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары болмауы тиіс. Сонымен қатар, психикалық денсаулығына байланысты есепте тұрмауы қажет. Бұл талаптар – кәсіби әрі адал кадрларды іріктеуге бағытталған нақты тетік. Аттестаттау нәтижесі – 15 жұмыс күні ішінде құжаттар тапсырылған күннен бастап, 15 жұмыс күні ішінде аттестаттау нәтижесі үміткердің электрондық кабинетіне жолданады. Қорытынды шешім электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады.
Жеке сот орындаушысы институтының дамуы – Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды кезеңі. Бұл саладағы ашықтық пен жоғары талаптар – құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың сот шешімдеріне деген сенімін күшейтуге ықпал етпек.
Л.Сақтағанова,
Қызылорда облысының
Әділет департаментінің бас маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!