Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде сот актілерін орындау сот төрелігін толық жүзеге асырудың ажырамас бөлігі болып табылады. Сот шешімдерінің уақытылы әрі сапалы орындалуы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ықпал етеді. Осы тұрғыда жеке сот орындаушысы институтының енгізілуі сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жеке сот орындаушыларының қызметі ақылы түрде жүзеге асырылатыны белгілі, ал олардың атқаратын жұмыстары үшін ақы төлеу мөлшері арнайы қағидалар арқылы белгіленеді.
Жеке сот орындаушысының көрсететін қызметіне ақы төлеу – бұл атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өндіріп алушы мен борышкердің мүдделерін ескере отырып анықталатын қаржылық міндеттемелер жиынтығы. Ақы мөлшері белгілі бір заңнамалық актілермен және нормативтік құжаттармен реттеледі. Ең алдымен, бұл – «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Аталған заңда жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеудің жалпы негіздері, шарттары мен тәртібі көрсетілген.
Ақы төлеу мөлшерін айқындауда бірнеше қағида басшылыққа алынады. Біріншіден, әділдік қағидасы. Жеке сот орындаушысы жасаған жұмыстың күрделілігіне, атқарылған әрекеттердің көлеміне, іс жүргізудің ұзақтығына қарай ақы мөлшері белгіленеді. Бұл қағида борышкерге шамадан тыс қаржылық ауыртпалық салмауды, сонымен қатар сот орындаушысының еңбегінің лайықты бағалануы үшін маңызды. Екіншіден, ашықтық пен жариялылық қағидасы. Жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін ақы мөлшері алдын ала белгіленіп, заңмен бекітіледі, ол тараптар үшін қолжетімді және түсінікті болуы тиіс. Үшіншіден, заңдылық қағидасы. Ақы төлеу мөлшерін анықтау заңмен қатаң реттеледі, жеке сот орындаушысы оны өз бетінше өзгерте алмайды.
Жеке сот орындаушысына ақы төлеу екі түрлі сипатқа ие. Біріншісі – тұрақты ақы, яғни сот орындаушысының негізгі қызметін жүзеге асыруға байланысты белгіленетін төлем. Екіншісі – пайыздық немесе өндіріп алынған сомадан үлес түріндегі ақы. Бұл борышкерден өндіріп алынған соманың белгілі бір бөлігін жеке сот орындаушысы өзіне қалдырады. Мұндай тәсіл сот орындаушысының мүддесін арттырып, істі нәтижелі аяқтауға ынталандырады. Дегенмен, пайыздық ақы мөлшері де заңда шектелген және ол тараптардың құқықтарын қорғау мақсатында әділ деңгейде бекітіледі.
Ақы мөлшерін айқындау қағидалары қоғам мүддесін, өндіріп алушы мен борышкердің құқықтарын тең дәрежеде қорғауды көздейді. Тиімді белгіленген төлем тетігі жеке сот орындаушыларының кәсіби деңгейін көтеріп, олардың жұмысының сапасын арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету арқылы құқықтық мемлекеттің басты ұстанымы – заң үстемдігі қағидасы жүзеге асырылады.
Қорытындылай келе, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау қағидалары – бұл атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін құқықтық құрал. Ол әділдікке, ашықтыққа және заңдылыққа негізделіп, сот шешімдерінің толық әрі уақытылы орындалуына ықпал етеді. Тиісті мөлшерде ақы төлеу институты жеке сот орындаушыларының кәсіби жауапкершілігін арттыруға, олардың қызметіне деген сенімді нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
К.Абдурахманова,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!