Алматыдағы жеке мектептің ата-аналары асханада берілетін тамақтың сапасына шағым түсірді. Олардың айтуынша, балалар жиі тамақтан улануда, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ата-аналардың сөзінше, мектепке ай сайын 150 мың теңге төлейді, оған үш мезгіл тамақтану кіреді. Алайда оқушылар азық-түліктің жарамдылық мерзімінің өткеніне, үлестердің аздығына және тағамнан бөтен заттардың шығатынына шағымданған. Соңғы жағдай ата-аналардың ашуын тіпті күшейткен. Чаттарға өлі егеуқұйрық түсірілген видео тарады. Сондай-ақ, кейбір балалардың бұзылған бұршақ сорпасын ішкеннен кейін құсып, қызуы көтерілген.
Таңертең баламның жағдайы жақсы еді. Ал қоңыраулар түстен кейін түсе бастады. Тамақтан уланғанын бірден ойламадым. Бірақ кеше ғана бірнеше бала уланып қалғанын естідік. Сондықтан ата-аналар қатты наразы, – дейді баланың анасы.
Мектеп директоры сорпаның қышқыл иісі бұршақты дұрыс жібітпегеннен шыққанын айтты. Оның сөзінше, әр тағамды медбике тексеруі тиіс, бірақ дәл сол күні күмәнді ештеңе байқамаған.
Ол бәрі қалыпты сияқты деп ойлапты. Ал сорпаны таратқан кезде иіс шыққан. Біз дереу шара қолдандық. Келесі аптада жаңа оператор жұмысын бастайды, менюді толық ауыстырамыз. Оның бәрін ата-аналарға көрсетеміз. Сондай-ақ құрамына ата-аналар кіретін жаңа бракеражды комиссия құрамыз, – деді Abroy School ЖШС бас директоры Қанат Ахмедов.
Директор мектеп аумағында тышқандар жиі кездесетінін де жасырмады. Айтуынша, олар жақын маңдағы алқаптан келеді, бірақ дератизация тұрақты жүргізіледі. Енді жағдайға санитарлық қызмет те араласпақ.
СЭС өкілдері бұл мектептен ата-аналардан түскен алғашқы шағым екенін атап өтті. Тексеру басталғанша мектеп әкімшілігі асхананы толық жауып тастады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
