Сейсенбі, 17 наурыз, 17:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20 (2232)
17.03.2026
PDF мұрағаты

Жемқорлық індет – жою міндет

17.03.2026

62 0

Фото: ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық қана емес, ол – мемлекет беделіне деген халықтың сеніміне селкеу түсіретін және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін жағымсыз әлеуметтік құбылыс. Жемқорлық жойылмай, ешбір ел табысты дами алмайды. Сол себепті әлемнің барлық мемлекеттері жұлынқұрт секілді бұл қоғамдық індетке қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.


Тәуелсіз Қазақстан өзінің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде ынсапсыз алаяқтарды аластап, қоғамды жат тоғышар әдеттен тазарту міндетін қарастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:

«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті.


Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін баяулатады, сайып келгенде, елдің даму болашағына үлкен қауіп төндіреді.
Көк байрағымыз күн сөнгенше желбіресін десек, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арман еткен асыл мұратын мансұқтауға, қызыл қаны мен қара тері қатар сіңген аманатын аяқасты қылуға жол беруге болмайды. Адалдық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру қажет.
Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі мемлекет беделіне нұқсан келтіретін зұлымдықпен ымырасыз күресу болып табылады. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, бұл дерттің одан әрі асқынбауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен пәрменді күресу жолында, сөз жоқ, тұрғындар арасында ақпараттық-құқықтық түсіндіру, жалпы құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат өзінің құқықтарын меңгеріп қана қоймай, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нақты не істеу керектігін толық білуі қажет. Бұл орайда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде ағартушылық, білім беру, тәрбие жұмыстарымен бірге, жаңа орта қалыптастыру да өз үлесін қоса алады.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен тұрақты иммунитетін қалыптастыру өте маңызды. Әлбетте, осы қабылданып жатқан шаралар мен атқарылып жатқан істер облыс тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді.
Жаңару мен жаңғыру жолындағы Жаңа Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан таза, болашағы жарқын ел болуы әрқайсысымыздың өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес – баянды болашақтың жарқын кепілі.

Құрманкүл Ерімбетова
«Туған жер» қоғамдық қозғалысы» Қауымдастығының төрайымы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: