Қазақтың ұлан-ғайыр жерінен ұлтарақтай жер табу қиын. Себебі қазір бәрінің иесі бар. Әсіресе ауылда егін егіп, мал бағып күн көрген қарапайым халық үшін қиын болып қалды. Бұрынғыдай кез келген жерден шөбін орып, суын ішуге болмайды. Бәрінің иесі бар. Бұл – ауылдағы ағайын үшін түйткілді мәселе.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған еді. Осыған орай «AMANAT» партиясының жанынан барлық өңірде «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Сонда комиссия не істейді, мақсаты қандай деген сұрақ бар. Бұл туралы «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бір сұхбатында комиссияның мақсат-міндеті туралы: «AMANAT» партиясы жанынан құрылған комиссияның саяси мүмкіндіктері жоғары. Көп ретте елімізде cоттың, Жер комитетінің шешімі орындалмай жатыр. Заң орындалмаған жағдайда сырттан саяси күшпен әсер етпесе, жағдай шешілмейді. Елімізде бір қаланың бос жатқан барлық жерін әкімдермен ауыз жаласып заңдастырып алған олигархтар бар. Бос жерді не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Қаншама адамға зиян келтіріп отыр. Жер дауына байланысты сот шешім шығарады, Жер комитеті шешім шығарады, бірақ әкімдік орындамайды. Сот шешімі орындалмағаннан кейін халық митингке шығады, бірақ бұдан мәселе шешілмейді. Тұйыққа тіреле береді. Сондықтан мәселені орталықтан бақылауға алып, саяси шешім жасап, бұл мәселені Парламентте көтеріп, Президент айтуы керек. Жерді мемлекет меншігіне қайтару – партияның шешімі емес, қоғамның сұранысы. Партия азаматтардың белсенділігі мен талапшылдығын дұрыс пайдаланса, халықтың күшіне сүйенсе, көп мәселе оң шешімін табатыны анық, – дейді ол.
Комиссия Президент тапсырмасын қалай орындауда? Сыр өңірінде комисия ықпалымен қанша жер қайтарылды? Көп көкейіндегі сұрақтар бойынша «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалына хабарласқан едік. Партия берген мәлімет бойынша, «Жер аманаты» комиссиясы жыл соңына дейін облыс бойынша 200 мың гектар пайдаланылмай жатқан бос алқапты қайтаруды жоспарлап отыр.
Жыл басынан бері «Жер аманаты» аймақтық комиссиясы Қызылорда облысында 137,8 мың гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарды (Арал ауданы – 18933 га, Қазалы ауданы – 31489 га, Қармақшы ауданы – 20880 га, Жалағаш ауданы – 14573 га, Сырдария ауданы – 29411,3 га, Шиелі ауданы – 14345,5 га, Жаңақорған ауданы – 6190 га, Қызылорда қаласы – 2029,5 га.). Оның 118,4 мың гектары жайылымдық жерлер, 1,1 мың га егістік жерлер, 18,3 мың га басқа алқаптар.
Жыл соңына дейін 62,2 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда.
2022 жылы 150 мың гектар жерді қайтару жоспарланып, жыл соңына нақты 157,9 мың га қайтарылды. Қайтарылған жердің 19,8 мың га ауыл шаруашылығы айналымына қайта алынды (шаруашылық жүргізу мақсатында берілді), 19,2 мың га биылғы жыл соңына дейін конкурсқа шығару жоспарланған, 18,9 мың га елді мекеннің жайылымы үшін бекітіп берілуде, қалған 100 мың га арнайы жер қорына өткен.
Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!