Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар адамдарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша тергеу бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, 2014–2016 жылдары А.Байжұманов «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқара отырып, пайшылардың ақшалай қаражатын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін пәтерлердің бір бөлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үйлердің құрылысы Астана қаласының әкімдігі тарапынан аяқталған.
“Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін А.Байжұманов жаңа заңсыз схема әзірлеген. Бұл схема «өткен күнмен рәсімделген» жалған құжаттарды пайдалану арқылы пәтерлерді заңсыз иемденуге бағытталған. Нәтижесінде 80-нен астам «жалған үлескер» жәбірленуші деп танылып, уәкілетті ұйымнан 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алған”, – делінген агенттік хабарламасында.
Пәтерлерді өтеусіз алғаннан кейін Байжұманов пен оның сыбайластары оларды үшінші тұлғаларға сатуды жоспарлаған. Осылайша жалпы құны 2,3 миллиард теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.
Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
