Жексенбі, 29 желтоқсан, 07:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жоғары оқу орнына шақырту алды

02.05.2022

844 0

Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік. Бұл – уақыт дәлелдеген тарих шындығы. «Сыр елі – жыр елі» деген сүбелі сөз бекер айтылмаса керек-ті. Алашқа ана атанған киелі өңір небір саңлақтары дүниеге келген, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Сонау түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт бабадан басталған ұлы өнер керуені бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Тұран төрінен қанат қағып, күллі қазақ даласының өнер көгінде қалықтап жүрген таланттарымыз қаншама?! Солардың бір шоғыры Мүлкаман Қалауов атындағы қалалық өнер мектебінде тәрбиеленуде.

Жақында осы өнер ұжымына ақжолтай хабар жетті. «Алтын ғасыр» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен жас суретшілер көрме фестиваліне қатысқан өнер мектебінің оқушылары үздіктер қатарынан көрінді.

Атап айтар болсақ, Ақторғын Орақ, Мадина Жарас, Раушан Жұмабек, Сабыржан Өтеп, Динара Жанбосын, Нұрай Оразбек секілді жас өрендер ел мерейін үстем етіп, өз дарындарын байқатты. Замзия Нұрханқызы мен Эльза Пакуадинқызы жетекшілік жасап, шәкірттерінің жеңісіне ризашылықтарын жеткізді.

– Бала бойында дарын болмаса қылқаламмен ішкі жан дүниесін ақ қағазға түсіру оңай емес. Суреткердің ішкі ойы салған туындысымен үйлесіп тұрады. Тіпті, кейде шабытсыз-ақ ақ қағазға ғажап дүниелер түсіруге болады. Бұл расыменде үлкен ыждағаттылық пен табандылықты талап ететін өнер. Оған кететін уақыт кейде суреттің мазмұнына байланысты. Кешегі өткен республикалық жарыс 7-17 жас аралығында өтті. Үкілеп апарған оқушылардың барлығы жеңімпаз атанды. Осылайша шәкірттеріміз мерейімізді тасытты. Алда әлі үлкен байқаулар бар. Бұл жеңіс Сыр өнерінің мәртебесі, –дейді өнер мектебінің мұғалімі Замзия Нұрханқызы.

Сайысқа еліміздің барлық аймағынан 140-қа жуық өрен қатысып, өзара бақтарын сынады. Талапкерлерге Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Серғазы Жаманқараев, ҚР дизайнерлер одағының мүшесі Құралай Бекболатова секілді өнер қайраткерлері әділ бағасын берді.

Шеберлік пен ептілікті талап ететін өнер байқауында Сыр өңірінен барған балалардың барлығы жүлдемен оралды. Бұл мұндағы мектеп ұстаздарының еселі еңбегінің жемісі. Олар әрбір шәкіртке көз майын тауысып, бейнелеу өнерінің қыр-сырын жетік меңгертіп, өз тәжірибелерін бала бойына білім нәрімен сіңіруге талпынды. Олар да өз кезегінде ұстаздар сенімін ақтап, үміт үдесінен таныла білді.

– Жалпы баланы өнерге жастайынан баулыған дұрыс. Өйткені өнерде тазалық пен тәртіп болады. Ал осы екеуі әр баланың бойында болғанда кезде ұлт келешегі жарқын болмақ. Қызым Раушан Жұмабек жастайынан жазу сызуға бейімі барын аңғартты. Содан осы өнер мектебіне әкелгенбіз. Тырнақалды туындылары жаман емес. Мектеп ұжымына үлкен алғыс айтамын, – дейді Сәния Махмудқызы есімді ата-ана.

Айта кету керек, жеңімпаз атанған жас жеткін­шектер ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Серғазы Жаманқараевтан жоғары оқу орнына шақырту алды. Халқымызда «Бұлақ көрсең көзін аш» деген даналық сөз бар. Жас өрендердің талабын ұштап, дарынын жетілдіріп жүрген өнер мектебі келешек белгілі өнер иелерін дайындап жатқан қастерлі орда. Бүгінгі біз сөз еткен жеңіс соны айғақтайды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: