Облыс көлемінде елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту, жол желілерінің сапасын арттыру және көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов мәлімдеді.
– Бүгінгі таңда Қызылорда облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3545 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1024,5 шақырым, облыстық жолдар – 555 шақырым, ал 1965,5 шақырым аудандық маңызы бар жолдар санатына жатады. Ағымдағы жылы өңірде ұзындығы 330 шақырымға жуық жолдар мен көшелерге, сондай-ақ көпір өткелдеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – халықтың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы «Әуежайға кіре беріс» жолы, сондай-ақ Шіркейлі, Сыздық, Жаңадария каналдары үстіндегі көпірлер қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы кеңейтіліп, «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысы толық аяқталды. Бұдан бөлек, Әбілхайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі Сырдария бөгеті бойымен жаңа жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қала ішіндегі көлік ағынын қайта реттеуге және жол жүктемесін азайтуға оң әсер етеді. Жол – тек қатынас құралы емес, ел экономикасының қозғаушы күші. Сол себепті біз үшін әрбір бағыт, әрбір учаске маңызды. Басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, шалғай ауылдарды сапалы жолмен байланыстыру және өңірлік көлік логистикасын дамыту, – деді Жәнібек Шәкімбайұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!