3445 шақырым. Бұл облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы. Оның 1024,5 км республикалық, 555 км облыстық, 1965,5 км аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. 2024 жылы 95 жобаға 300 км аса құрайтын автомобиль жолдары мен көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп, нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 92 пайызды құрады.
Қаланың күре жолы саналатын әуежайға кірме жолы мен Көшербаев, Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелеріне кеңейту жұмыстары жүргізілді. Ал биылғы жоспар Тәуелсіздікке 25 жыл көшесін кеңейту жұмыстарын аяқтап, Әбілхайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін Сырдария бөгеті бойымен жол салу. Қала көшелерінің жай-күйін және атқарылатын өзге де жұмыстарды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов баяндап берді.
– Облыс тұрғындарының көкейінде жүрген мәселелердің бірі темір жол өткелдерін салу болатын. Аталған мәселені шешу мақсатында 2024 жылы Қызылорда қаласында жер асты және Арал мен Жаңақорған аудандарында аспалы темір жол өткелдерінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» күре жолы біраз жылдардан бері күрмеуі шешілмей келген, халықтың арасында біраз талқыға салынған мәселелердің бірі болды. Осы орайда аймақ басшысының тікелей қадағалауымен республикалық маңызы бар жолдың құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-і қалалық бағытта 32 маршрутты қамтып отыр. Қызылорда қаласында «Экотакси» қызметін құру жобасы бойынша 100 дана электромобиль алынып, Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуде. Осы жылдың және бір жаңалығы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының ашылу салтанаты өтті. Аталған жаңа жолаушылар терминалы «Болат Өтемұратов қоры» жеке қорының демеушілігімен салынды. Темір жол көлігі саласы бойынша айта кетсем, 2024 жылы «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының жаңа вагондарының тұсаукесер рәсімі өтті. Осы бағытта 44 вагон сатып алынды, – деді Жәнібек Шәкімбайұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!