Жолаушылар тарапынан шағымдардың көбеюіне байланысты Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі Алматы мен Астана әуежайларына екі апта мерзімге өз инспекторларын жібереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұтынушылар қызмет көрсету сапасы мен рейстердің уақытылы орындалмауына шағымданған. Air Astana өкілдерінің деректері бойынша, соңғы айларда әуе компанияның рейстерін орындаудың көрсеткіші 77% құрайды. Инспекторлар екі апта ішінде жолаушыларға сауалнама жүргізіп, рейстердің кешігуін бақыламақ.
Авиациялық әкімдікте өткен жиналыста, ұшақ ауыстырылған жағдайда қазіргі таңда тек бизнес-класс жолаушыларына ғана өтемақы қарастырылғаны айтылды. Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Fly Arystan мен Air Astana компанияларына ұшақ ауыстыруды болдырмау мәселесін пысықтауды және қосымша әуе кемелерін резервке қоюды тапсырды.
Жолаушылармен қарым-қатынас оқиғаларына байланысты авиакомпаниялар мен әуежайларда қызмет көрсету сапасын күшейту, қызметкерлерге арнайы тренингтер өткізу және тексеру рәсімдерін ретке келтіру тапсырылды.
«Рейстерге тіркелу қолжетімділігі мәселесі де жеке қаралды. Fly Arystan-да онлайн тіркелу ұшуға 30 күн қалғанда ашылады, алайда әуежайда тіркелу ақылы. Бұл жағдай мобильді құрылғыларды пайдаланбайтын қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиындық туғызады. Министрлік осындай санаттағы азаматтарға қызмет көрсетудің қосымша тетіктерін әзірлеуді тапсырды», – деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласының авиациялық көлік прокуратурасы араласқаннан кейін Fly Arystan duty free дүкендерінен сатып алынған тауарларды қол жүгінде тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізген болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!