Сенбі, 28 желтоқсан, 00:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жүрекке сағыныш сыйлаған мереке еді…

29.04.2023

1128 0

Кеңестік кезеңде 1 мамыр  күні «Халықаралық еңбекшілер күні» мейрамы ретінде тойланатын.  Сол тұста туып-өскен ұрпақ үшін 1 мамыр мерекесі асыға күткен айтулы күндердің бірі болды. Жастық шағымыз сол кезге  тұспа-тұс келген біздер 1 мамырдың КСРО-да басты мерекенің бірі болғанын білеміз. Жүрегіміз лүпілдеп, бұл күнді барлығымыз ерекше күткеніміз соншалық, оған бір күн бұрын дайындалатынбыз. Плакатқа сурет салып, қағаздан гүл жасаймыз. Мектепте қабырға газетін шығаратынбыз. Мен сол газетке май мерекесі туралы «Май келді» деген  өлең жазғаным да есімде. Ал шеруге қатысатын балалар ұлттық киім киетін. Жылда барлық ауылдар мен қалаларда шеру өтетін.  Оқушы кезімде шеруге шыққанда мына нәрсе есімде қалыпты. Төрт пен беске оқитын оқушылар өзі алып жүрген бағасын қолына тақтай немесе картоннан ойып, оны бояп, ұстап алатын. Оған шар мен лента байлайтынбыз. «1 май жасасын!» «Бейбітшілік жасасын!» «Миру мир», «Мир! Труд! Май!» деген сөздері бар плакаттар алдын ала дайындалатын. Соларды шеруде дауыстап, хормен айтатынбыз.

1 мамыр күні ашық алаңға жиналып, сапқа тұрып, көше-көшені аралап шығатынбыз. Екінші бөлімінде халыққа концерт қойылады. Арты спорттық  жарысқа ұласады. Күрес, аударыспақ, жаяу жарыс, арқан тартыс бұлар 1 ма­мырда міндетті түрде жасалуы тиіс іс-шаралар еді. Халық концерт пен спорттық ойындарды тамашалап үйді-үйіне қайтатын.  Бала кезімізде 1 мамыр мерекесін табиғатқа, көкке шығу үшін ерекше күтетінбіз. Мүғалімдерімізге айтпай, ас-суымызды өзімізбен бірге алып барып, ауылдағы көлдің жиегінде демалатынбыз. Ата-анамызға, достарымызға әдемі тілектер жазылған открыткалар немесе көркем әдебиеттер  сыйлайтынбыз. 1 мамыр мерекесі «Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні» ретінде 1889 жылдан атап өтіле бастады. Қазір бұл мереке Ресейде де өзінің бастапқы саяси мағынасынан айырылып, «Көктем және еңбек күні» ретінде аталады.  Қазақстанда бұл күні елімізде тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын мерекелік шаралар өткізіледі. Мерекені кейде сезінбей де қаламыз. Көп мерекенің бірі сияқты әсер береді. Өзге ұлт өкілдеріне ерекше көңіл бөлініп, солардың алғыс айтатын күніндей ғана әсері бар. Бұрын шеруге шығып жүргеніміздің өзі қызық болатын.  Жүректі мақтаныш кернеп, толқып жүретінбіз. Сол әдемі күннің салтанатты шақтары әлі күнге жүректе сағыныш сезімін оятады. Сондай кезде балалық шаққа бір саяхаттап қайтамын.

Ерімбет Қаппаров, қала тұрғыны:

Мамыр мерекесі біздің замандастарымыздың көпшілігінің жадында жылы естелікке толы бейнесімен есте қалды.  Пионерлер бөлмесінде мамыр мерекесіне қарсы жиындар өткізуге дайындық қызу жүргізілетін. Бәрімізге май мерекесі туралы өлеңдер жаттататын.  Тәлімгерлер бізді сол мерекеге дайындайтын.  Жалау ол кезде қызыл болатын. Қызыл жалауды желбіретіп ұстап, мамыр мерекесіне адымдап жүріп дайындалатынбыз.  Әр сыныпта мамыр айындағы осы мереке туралы ақын-жазушылардың өлеңдері жатталатын. Қазір дәл сондай әсер бермейді. Көп мерекелердің бірі ретінде тойланады.

Вера Ивановна, еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

   1 мамыр – күнтізбедегі жарқыраған ерекше мерекелердің бірі. Қазір бірлік күні ретінде тойланады.  Әртүрлі ұлт пен ұлыстар бұл күнді есте қаларлықтай етіп өткізуге тырысамыз. Серуенге шығамыз, түрлі салтанатты шараларға қатысамыз. Бұрын біздің  жас кезімізде бұл мерекені еңбекшілер күні ретінде тойлайтынбыз. Орталық алаңда қолымызға лозунг, плакаттар, шар,  ту   ұстап әскерилерше шеру жасайтынбыз. Өте керемет мерекенің бірі болатын.  Сыр елі – біздің киелі шаңырағымыз. Ортақ Отанымызда тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір  әртүрлі ұлт өкілдері  тату-тәтті өмір сүріп келеміз.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ

Сурет: live.staticflickr.com

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: