Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 18:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жүзден асқан әже ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты

10.08.2023

554 0

Жамбыл облысы Свердлов ауданы Жаңатұрмыс елді мекенінде тұратын Рабиға Нұрбаева – еліміздегі ғасыр жасаған ардақты аналардың бірі. Өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болатын қарт ана ұзақ өмір сүруінің сыры туралы Stan.kz  баяндап берді.

Рабиға Нұрбаева 1922 жылдың 1 қаңтарында Қырғыз Республикасының Талас облысы Жонарық ауылында дүниеге келген. Кезінде мал шаруашылығымен айналысқан, балабақшада тәрбиеші қызметін атқарып, бала тәрбиелеумен де айналысқан. 

Қазақтың азаматы Әбдіжәліл Нұрбаевпен отбасын құрып, қазақтың келіні атанған сәттен бастап жүрегі қазақ деп соғып келеді. Қырық жыл бойы отасқан өмірлік серігі екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұл-қызынан 7 немере 62 шөбере 4 шөпшек сүйіп саялы бәйтерекке айналған әженің айтары да жоқ емес. 

«Мен үшін өмірдің мәні – татулық пен бірлікте. «Отан отбасынан басталады» демекші, ең бірінші отбасы мүшелері бір-бірімен тату болуы керек. Одан кейінгі ең бір маңызды дүние – адал еңбек ету. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңды маңдай теріңді төгіп, адал жұмыс істеп бағып-қаға білсең, оның өзі зор бақыт. Өмір бойы адалдықты ұстанған жандардың ақысын Алла да жемейді,» – дейді кейуана.

Өмір бойы еселі еңбек ету арқылы еріне қолдау көрсеткен ардақты ана ұрпағының бойына ең бірінші адалдықтың дәнін сепкенін айтады. Содан болар, балалары да ата-анасын жерге қаратпай, үмітін ақтап келе жатыр.

«Көп адам менен ұзақ өмір сүрудің құпиясын сұрап жатады. Оның бәлендей құпиясы жоқ. Елдің ішкен ас-суын ішіп, ауасын жұтып жүрген жанбыз ғой. Бірақ меніңше, ұзақ жасауың өсіріп отырған ұрпағыңа тікелей байланысты. «Балаң жақсы болса, жан мен тәннің шырағы» дегенді ата-бабамыз тектен-текке айтпаса керек-тін. Яғни балаларымыз жаман іс-әрекеттер жасап шаршатпаса, олар ақылды, парасатты болып өссе, бақыттың ең үлкені – осында. Аллаға шүкір, бұл тұрғыдан перзенттерім мені жерге қаратқан жоқ.

Ұлдарымның ұялтқан, қыздарымның қызартқан кезі болған жоқ. Сондықтан болар, Алланың берген жасын жасап, келе жатқанымыз. Ұрпағымыздың тек қана жақсы істерінің куәсі бола берсек, ғұмырымыз да одан әрі ұзара түспек деп ойлаймын», –  дейді абзал ана. 
Бүгінде немере-шөберелеріне адалынан ас табуды саналарына сіңіріп жүрген әже туралы перзенттерінен де сұрап білдік.

«Анамыздың өмір сүру дағдысы айрықша деп айта алмаймын. Біз де сол қатардағы қарапайым отбасылар тәрізді тамақтанып, күнделікті күтімін жасаймыз. Қазіргі таңда анамыз ең кіші ұлы Мараттың қолында тұрады. Денсаулығы бірқалыпты. Ақыл-есі дұрыс. Есте сақтау қабілеті өте жақсы. Бүгінгідей жаздың жайдары күндері бір мезет далаға шығып, таза ауамен тыныстайды. Анамыз бәрімізді тазалыққа, еңбекке, білім алуға, өсек, өтірік айтпауға тәрбиелеп, өсірді.

Анамыз «Елім Манас, Жерім Талас өсіп өніп, бақытты өмір сүріп отырған жерім Қазақстан» деп үнемі айтып отырады. «Қазақ-қырғыз бір туған» демекші, біз, балалары, қырғыз нағашыларымызбен және бөлелерімізбен өте жақсы араласып, екі елдің арасын жалғап, барып-келіп тұрамыз. Анамыз Қазақстандай байтақ елде қаншама ұлт пен ұлыстың баласы тату-тәтті өмір сүріп жатқанына дән риза. Ұрпақтарына да ең бастысы елдегі татулық пен бірлік екенін үнемі айтып отырады», – дейді үлкен ұлы Өсер Нұрбаев.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: