Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Жүзім егудің құпиясын Қырымға барып үйрендім»

18.07.2023

736 0

Қала тұрғыны, «Қоғам тв» арнасында дизайнер Ержан Батыршаев жүзімнің 50 сортын өсіріп көрген. Жүзімнің қыр-сырын меңгеру үшін ізденуден шаршамаған ол бақшасындағы әр түп 25-30 келі жүзім беретінін айтады. Хоббиін кәсіпке айналдыруды мақсат еткен кейіпкеріміздің ендігі арманы жүзім алқабын жасау.

Үй мен түздің шаруасын қатар алған үлгілі әке бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, ана орнын жоқтатпай еңбек етіп жүр.  Осыдан 7 жыл бұрын жүзім егуді қалай бастағанын, қашан қолға алғанын қала тұрғыны Ержан Батыршаев айтып берді.

– Алғашында үйдің айналасындағы бақшаға жүзім еккен едім, алайда ол өнім бермеді. Содан «жүзім неге мол өнім бермейді?» деген сұрақ туындап, «youtube» арнасынан түрлі бейнеролик қарап, жан-жақты ізденіп, зерттеулер барысында жүзімге деген қызығушылығым арта түсті. 2016 жылы жүзім жемісін өсіруді қолға алып, бақшама тәжірибе жасау мақсатында тағы да жүзім ектім алайда өнімді аз берді. Содан  2017 жылы Қырымға барып жүзім жемісінің қыр-сырымен таныстым. Оны егіп, өсіріп, баптау секілді жұмыстарының қалай жүргізілетінін көріп, ең алғашқы тәжірибемдегі жүзімнің сәтсіз шығуының себебін анықтадым. Яғни жүзімнің мол өнім бермеуі қырқу жолының дұрыс болмағанында екенін білдім. Одан бөлек, жүзімнен түрлі сусын жасауға болатынын көріп, үйрендім, – дейді қала тұрғыны. 

Бүгінде сүйікті ісін қолға алып, шаршағанда жүзім бағында демалатын Ержан Батыршаев қазіргі таңда «Қоғам тв» телеарнасында бейне монтожер қызметін атқарады. Қызметімен бірге хоббиін қатар алып жүрген ол алдағы уақытта осы кәсіпті дамытатынын жеткізді.

Сондай-ақ кейіпкеріміз айтып өткендей, шетелдерде жүзімнен шырын, сусын, тосап, шарап секілді сусындардың түр-түрін өндіреді. Ал қалдықтарынан сірке қышқылы, этил спирті, эфир майын шығарса, одан бөлек жүзімді кептіріп, мейіз жасайтын көрінеді.

– Алдымен жүзімнің сортын дұрыс таңдау керек. Жүзім негізі асханалық және техникалық болып екіге бөлінеді. Оның асханалық түрі күнделікті жеуге жарамды, ал  техникалық жүзімнен шырын, шарап, тосап секілді тағы да басқа өнім түрін шығаруға болады. Мен соның ішіндегі асханалық түрінен жүзімнің 50 сортын жылыжайда өсірдім. Алайда алқапқа егу барысында су тапшылығынан шықпай қалды. Кейін ойлана келе ең алдымен үйдің айналасындағы бақшаға ектім. 2021 жылы ойлаған ісімді жүзеге асыру үшін көктем мезгілінде бақшадағы жерді дайындап, тереңдігі 60 см болатын шұңқыр қаздым. Қазылған әр шұңқырдың арақашықтығын 1,5-2 метрге дейін создым. Себебі арасы жақын болса өнім бермейді. Сол үшін қазу барысында әр қашықтыққа мән беріп, ішіндегі барлық құмын сыртқа шығарып, екі шелек көң салдым. Одан кейін нитроаммофоска дәрісінен бір кесе салып, бетін 10 сантиметрдей көміп тастадым. Күз мезгілі келгенде егу жұмысын бастап, 10 күнде бір рет суардым. Осылайша отбасым үшін үйдің айналасындағы 10 сотық жерге жүзімнің асханалық түрін баптап, күтіп, қырқу жолын орнымен жасап едім, бір жылда 2 метрге дейін өсіп, бір түптен 25-30 кг өнім салды, – дейді телевидение саласының дизайнер маманы Ержан Батыршаев

Ендігі кезекте «техникалық түрін егемін» деген Ержан Батыршаев осымен тоқтамақ емес. Ол адам ағзасына пайдалы, дертке шипа, жүзім түрін бірнеше гектар жерге егуді жоспарлап отыр. Осы ісін жүзеге асыру үшін ең алдымен аяқсу бар жер қарастыратынын айтып, алдағы уақытта демеушімен келіссөз жүргізуге, бизнес жоспарын дайындап қойғандығын жеткізді. 

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: