Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ауысымдық жұмыс кестесін қалай дұрыс құруға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 73-бабына сәйкес, ауысымдық жұмыс кестесі жұмыс берушінің өндірістік процесі немесе қызмет тәртібі қалыпты күндік жұмыс уақытының ұзақтығынан асып кеткен жағдайда енгізіледі. Яғни, тәулік ішінде өндірісте үздіксіз жұмыс қажет болған кезде ауысымдық жүйе қолданылуы мүмкін.
Еңбек заңнамасына сай, ауысымдық жұмыс – тәулік бойы екі, үш немесе төрт жұмыс ауысымының кезектесіп жұмыс істеуі. Әр ауысымның ұзақтығы мен қызметкерлердің бір ауысымнан екіншісіне ауысу тәртібі арнайы ауысымдық кестелермен белгіленеді.
Заң бойынша бір жұмыс ауысымының ең ұзақ уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс. Егер жұмыс беруші белгіленген нормадан заңсыз артық жұмыс уақытын талап етсе, бұл – еңбек заңнамасының бұзылуына жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабына сәйкес, жұмыс уақытының заңсыз ұлғаюына жол берген жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
