Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жұмысқа немқұрайлы қарамау керек

09.12.2022

671 0

 «Жұмыс жүріп жатыр дейсіздер. Бірақ тексеру кезінде ол жұмыстың дұрыс істелмегені анықталады. Мәселені тауып алатын өзіміз. Яғни әрбір іске тиянақты қарамасаң, артынан шикілік шығатыны анық. Халықпен кездесіп, ақылдасып жұмыс істеу керек. Халыққа әрбір жұмыстың жауапкершілікпен істелгені қажет. Немқұрайлы қарамау керек».

 Қала әкімі Асылбек Шәменов аппарат мәжілісінде барлық бөлім басшыларына, ауылдық  округ және кент әкімдеріне әрбір берілген тапсырманың тиянақты, нәтижелі орындалуы керек екенін айтып өтті. Аппарат мәжілісінде ең алдымен қалалық құрылыс бөлімі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуарбектің сөзіне сүйенсек, құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Газ бен су желілерін тартуда, абаттандыру мен елді мекендерде қажетті құрылыстар, көпқабатты үйлер салуда қаламыз республика бойынша алдыңғы қатардан көрінді.

– Биыл құрылыс саласына бюджеттен барлығы 20,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 7,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен
12,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Қарқынды жұмыс жүруде. Апатты үйде тұратын, кезектегі отбасыларға 66 пәтер сатып алуға 1,1 млрд теңге қаржы бөлініп, жыл соңында пәтер кілті өз иелеріне табысталмақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Талсуат, Қарауылтөбе ауылдық округтеріне 150 орындық клубтың құрылысы жүргізілуде.

2023 жылға республикалық бюджеттен құны 4 млрд
372,8 млн теңге  болатын 14 жоба қолдау тапты, – деді бөлім басшысы.

Шаһар әкімі құрылыс саласының жауапты сала екенін айтып,  сапаға мән беру қажеттігін және әрбір жұмыстың орындалу мерзімдерін қадағалауды тапсырды.

 – Мердігер мекемелер тапсырманы уақытылы орындау үшін бөлім басшылары қатаң бақылау қажет. Мәселен, Талдыаралдағы ауыз су қоймасы екі жылдан пайдалануға берілмей тұр. Осы уақыттан бері мәселесі шешілмей келе жатыр. Ал халық таза суды күтіп отыр. Құрылыс саласы көпқабатты үйлерді салумен шектелмейді, – деді Асылбек Шәменов.

Бүгінгі мәжілісте жылу беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де айтылды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаевтың айтуынша, қазіргі таңда жылу беру маусымы тұрақты өтуде. Дегенмен кейбір көпқабатты үй тұрғындары жылу температурасының төмендігі жайында мәселе көтеріп, әлеуметтік желілерде жазбалар қалдыруда. Сондықтан да мамандар тексеру жүргізіп, жылудың бірқалыпты екенін анықтап, түсіндірме жүргізуде.

Қала әкімі жылу беруден кемшілік болмауын, күнделікті бақылау жасауды тапсырды.

 – Тұрғындар жылуға байланысты мәселе айтса, мамандар дер кезінде барып, жағдайды ретке келтіру керек. Сонымен қатар, осы салаға қатысты қаладағы кейбір көпқабатты үйлерде жертөленің тазаланбағаны анықталды. Үйлердің асты суға толып, жағымсыз иіс пайда болған. Жылу маусымының басталғанына екі айдан аса уақыт өтті. 18 тұрғын үйдің өжіресі суға толып тұр. Жылу беру басталарда «ешқандай мәселе жоқ» деп баяндалған еді. Бірақ бүгінгі жағдай осы. Яғни бөлім басшылары жобаны жасайды да, оның қалай орындалып жатқанына ешкім мән бермейді. Содан кейін артынан осындай мәселелер шығады, – деді қала әкімі.

Мәжілісте Қызылөзек ауылдық округінің дамуы туралы да мәселелер қаралды. Бұл ауылда жүйелі жұмыстар атқарылуда.

– Ауылдық округте «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бөлінген 3 млн 620 мың теңгеге Айнакөл ауылының көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылған. Бұдан бөлек, үнемделген қаражат есебінен 3,9 млн теңгеге жарық бағаналары қойылып, жарықтандыру бойынша көтерілген мәселелер толық шешім тапқан, – деді ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар.

Дегенмен ауылдық округте атқарылар шаруа да аз емес. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 6 көшені орташа жөндеу, «Қожақ» автомобиль көпірін күрделі жөндеу, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу секілді маңызды міндеттер тұр.

Шаһар басшысы ауыл әкіміне тұрғындармен тығыз байланыста болып, талап-ұсыныстары бойынша жұмыс жүргізуді жүктеді.

 – Ауылда тазалық сақталмаған. Соған мән беру керек. Ауыл әкімдері халықпен бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкерлік нысандар да тазалыққа мән беру қажет. Әрбір елдің мәдениеті тазалықтан басталады. Көшенің жарық шамдары дұрыс жанбайды. Мұның барлығы ауыл әкімінің жұмысқа жауапкершілік танытпауын көрсетеді, – деді қала әкімі.  

Сонымен қатар Қызылөзек ауылының әкімінің жұмысына сын-ескертпелер айтылды. Алдағы уақытта нәтиже болмаса шара қолданатыны жөнінде ескертілді.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Асылбек Шәменов талқыланған мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Аппарат мәжілісінде көтерілген мәселелер ауқымды. Сондықтан да сала басшылары жоғарыда айтып өткендей, «жұмыс жүріп жатыр» демей, біткен істің нәтижесін көрсетуі тиіс. Халыққа нәтиже қажет.

Ауыл әкімдері қайда тұрады?

Қала әкімінің ескертуі: Аймақ басшысы ауыл әкімдері өздері қызмет ететін ауылда тұруды тапсырғанын білесіздер. Осы тапсырма әлі орындалмай жатыр. Мәселен, Қызылөзек әкімінің мекен жайы қағаз жүзінде ауылда болғанмен, өзінің ол жерде тұрмайтыны анықталды. Ауыл әкімі сол ауылда тұру керек. Мекен-жайды тіркеп қоюдың қажеті жоқ. Ауылда кез келген уақытта түрлі жағдай болуы мүмкін. Сол кезде әкімді қайдан табады? Аймақ басшысының тапсырмасы орындалу қажет. Бұл мәселе бойынша тексерістер жүргізілуде.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: