Адам өміріндегі ең маңызды шешім– мамандық таңдау. Бұл болашағымызды, өмір салтымызды, тұлғалық қасиеттімізді қалыптастырады. Мен өз таңдауымды журналистика саласымен байланыстырдым.Мамандық таңдауыма көп фактор әсер етті. Мен бала кезден сөзге, оқиғаға, адамдар тағдырына қызығушылық таныттым. Жаңалықты қарап отырып, «осыны кім жазып жүр екен?» , «шындық қайда?» деп ойланатынмын.
Журналистика саласы – тек ақпарат таратып қоймай, қоғаммен байланыс орнатып, уақытпен санаспай, шындықпен жұмыс жасайтын кәсіп. Нақтыласам, журналист халық пен билік арасындағы көпір. Қалам ұстағандар шындықты айтып, әділдік орнатуға тырысуы керек. Оның әр сөзі адамның тағдырын өзгертіп, елдің назарын аударуға ықпал етеді. Сондықтан жауапкершілік те жоғары.
Бүгінгі заманда ақпарат ағыны көп. Бірақ шынайы, тексерілген дерек аз. Журналистің қаламы – қару. Сол арқылы әділетке жол салып, адамның көкейіндегі сауалға жауап беру маңызды. Бұл мені жігерлендіреді.
Мен журналист болуды жай жұмыс емес, өмірлік миссиям деп санаймын. Себебі бұл салада жүріп, ел дамуына үлес қосуға болады. Әр сұхбат, әр мақала – бұл менің өмірлік ізім. Сондықтан мен бұл мамандықты жүрек қалауымен, үлкен сеніммен таңдадым.
Ақжүніс БАУЫРЖАНҚЫЗЫ ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Журналистика мамандығының 1-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!