Биылғы жыл Қызылорда облысы үшін табысты әрі жемісті жыл болды. Спорт, мәдениет, білім сияқты маңызды салаларда өңіріміз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, тек ел көлемінде ғана емес, Азия деңгейінде де өзін мойындатты. Жылды жемісті қорытындылау үшін бүгін сол салаларда үздік нәтижеге қол жеткізіп, аймақтың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар облыстың бас ақпарат алаңына келіп, БАҚ өкілдерімен кездесті.
– Бұл жыл мен үшін өте жақсы нәтижемен аяқталып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Таиландтың Чиангмай қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, алтын медаль иелендім. 1 апталық үзілістен кейін оқу-жаттығу жиындарымызды қайта бастап, наурыз айында болатын бокстан әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатын боламын. Келер жылы сол әлем чемпионатына қатысып, алтын медальды қанжығама байлағым келеді. Одан бөлек, 2028 жылы Америкада өтетін Олимпиада ойындарында да еліміздің көк туын көкке көтергім келеді. Сол үшін қазірден дайындықты бастап кеттім,- деді бокстан Азия чемпионы Гүлсая Ержан.
– 2024 жыл өзімнің жеке басым үшін де, облысымыздың рухани-мәдени өмірі үшін де толағай табыстарға, тың жаңалықтарға толы болды. Жылды жақсы қорытындылап жатырмыз. Бір жылдың ішінде Анаға тағзым, неке сарайы және симфониялық оркестріміздің ашылуы, ізін ала өнер орталығының қолданысқа берілуі біздің қуанышымызды одан әрі еселеді. Бұл жыл Сыр өнерпаздары үшін де жемісті, табысты болды. Мәселен, өзім жыл басынан бері 4 республикалық конкурсқа қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Биылғы жылға ешқандай өкпеміз жоқ. «Жаңа жыл жарылқа, ескі жыл есірке дегендей», әр жылдың өзінің ерекшелігі болады. Жалпы, бұл жылы Сыр бойы рухани серпіліске, жақсы жаңалықтарға толы болды деп айта аламыз. Тағы бір қуанып айтатын жайт, облысымыз өзінің өнер күндерін бір емес екі қалада жоғары деңгейде өткізіп, халықтың зор қошеметіне ие болды. Жалпылық тұрғыдан да, жалқылық тұрғыдан да биылғы жыл Сыр мәдениеті және өнерпаздары үшін жемісті болды деуге толық негіз бар,- деді Қорқыт ата атындағы ҚУ «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» ББ аға оқытушысы Марат Сүгірбай.
– Биылғы жыл аймағымыздың білім саласы үшін де жетістікке толы болды. Оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да республикалық, халықаралық деңгейде жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, қанжығаларын толтырып қайтты. Мен 20 жылдан бері білім саласына өз үлесімді қосып келемін. Осы уақыт аралығындағы менің ең үлкен жетістігімнің бірі – «2024 жылдың Үздік Педагогы» конкурсының жеңімпазы болдым. Бұл конкурсқа 1 700 мұғалім қатысты. Сайыстың қалалық, облыстың кезеңінен сәтті өтіп, республикалық кезеңінде өзімнің білімім мен біліктілігімнің арқасында үздіктер қатарынан көрініп, төсбелгімен марапатталып және бір реттік 1 000 АЕК ақшалай сыйақымен марапатталдым. Бұл мен үшін де, мектебіміз бен облысымыз үшін де үлкен жетістік деп есептеймін,- деді С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі, ҚР «2024 жылдың Үздік Педагогы» конкурсының жеңімпазы Гүлжаухар Сарыбаева.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!