Сейсенбі, 30 желтоқсан, 22:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Жылдың қорытынды салтанатты шарасы өтті

30.12.2025

56 0

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Қызылорда халқы үшін 2025 жыл табысты, берекелі жыл болды. Ең елеулісі – бас шаһардың астана болғанына 100 жыл толуы. Ұлттың ұлық қазақ атауының да қайтарылғанына ғасыр толды. Оның үстіне қоғамның барлық саласындағы даму мен өсім келер күнге деген үмітті еселей түсті.
Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов қорытынды салтанатты шарада жылдың елеулі оқиғалары мен жетістіктеріне тоқталып, қызылордалықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Жылдың қорытынды салтанатты шарасы өтті

–Санаулы сәттерден кейін төрімізге енетін Жылқы жылы құт әкелсін! Баршаға аян, әлемдегі ахуалдың күрделі болғанына қарамастан Жылан жылы мемлекетіміз үшін жемісті болды. Биыл еліміздегі соңғы уақыттарда қабылданған саяси реформалардың жүзеге асырылуымен есте қалды. Хан Абылай тағына мінген Көкше төрінде ұлт рухын көтерер Ұлттық құрылтайдың төртінші бас қосуы өтті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы: «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуда. Осы ретте, Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деген болатын. Тағдыршешті мәселе көтерілетін Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысы Сырдың бас шаһарында белгіленіп отыр. Бұл біз үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік! – деді Нұржан Сәбитұлы.

Жылдың қорытынды салтанатты шарасы өтті


Ерекше атап өту қажет, аймақ басшысының қолдауымен соңғы жылдары қаланың барлық саласында оң динамика қалыптасып, өсім еселене түсті. Қала бюджеті жыл басында 73,1 млрд. теңгемен бекітілсе, бүгінде ол 154 млрд. 200 млн. теңгеге жетіп, екі есеге артты.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 357 млрд. 200 млн. теңгені құрап, 126,1 пайызды мөлшерледі. Құрылыс жұмыстарының көлемі 161 млрд. 100 млн. теңгені межелеп, 122,6 пайызға өсті. Облыс орталығы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Сол жағалаудағы жаңа ғимараттар мен қаланың басқа да аумақтарындағы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан нысандар шаһардың шырайын арттыра түсті.

Жылдың қорытынды салтанатты шарасы өтті

– Алдымызда айқын міндеттеріміз бен анық жоспарларымыз бар. Келер жылы қаланың, оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 133 жоба әзірленуде. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджеттерге 105 млрд. теңгенің өтінімі ұсынылуда. Әрбір әлеуетті іс әлеумет үшін жасалады. Біз халықтың игілігі мен жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз,- деді қала әкімі.
Салтанатты шарада еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Жыл бойы өз саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген әр саланың үздіктеріне арнайы номинациялар мен «Құрмет» грамотасы және қала әкімінің алғыс хаттары берілді.
Мерекелік іс-шарада жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, кеш көрігін қыздырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: