Дүйсенбі, 25 қараша, 04:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Жылу маусымына дайындық: 14 шақырым жылу желісі жөнделуде

18.07.2023

460 0

Биылдан бастап елімізде энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сондай-ақ электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында «Тарифтерді инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде саладағы апаттар санын азайтуға және жалпы ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Осыған сәйкес республикадағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 200-ден аса өтінім берілген. Оның ішінде жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысын көтеру, қараусыз жатқан желілерді күту сынды мәселе бар. 

Жасыратыны жоқ, еліміздегі жылу, электр энергиясы, су және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту керек-ақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов  аталған бағдарлама аясында 2023-2029 жыл аралығында 62 мың км инженерлік желілерді жаңғырту үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын жеткізген.

Үкімет басшысы қазір орталық және жергілікті атқарушы органдар коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты. Сондықтан бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі тиістігін ерекше атап өтті.

Үкімет басшысы қазір орталық және жергілікті атқарушы органдар коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты. Сондықтан бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі тиістігін ерекше атап өтті.

Ал өңірдегі жылу беру нысан­дарының алдағы қыс маусымына дайындығы қалай? Осыдан бір ай бұрын сала мамандарымен жиын өткізген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дайындық жұмысын осы бастан бақылау керектігін тиісті сала басшыларына нықтап тапсырған еді. Аймақ басшысы қысқа дайындықты уақытылы бастаудың, жылу беру маусымын ақаусыз, апатсыз өткізудің маңызды екенін атап өткен.

– Дайындық жұмыстары баста­лып кетті. Дегенмен кемшіліктер де бар. Сондықтан ертерек қамданып, алдағы уақытта апатты жағдайларды болдырмау керек. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай орындалуы тиіс, ең бастысы – сапасын қатаң қадағалау қажет», – деген болатын аймақ басшысы.

Күн тәртібіндегі мәселеге бай­ла­нысты жуырда облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов жылу беру нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысқан. Соған байланысты «Қызылордажылу­электрорталығы» КМК-ында көшпелі штаб отырысы өтіп, онда тиісті сала мамандары жылу беру маусымына дайындықтары туралы баяндама жасады. Облыстық энергетика бас­қармасының мәліметіне сүйенсек, жылу беру маусымына дайындық жұмысы жөнінде облыстық штаб құрылып, жүзеге асуы тиіс іс-шара жоспары бекітілген. Қазіргі таңда аталған шаралар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Жылу маусымына дайындық жұмыстары облыс әкімдігі және Энергетика министрлігімен әзірлен­ген «Жергілікті жылу энергиясы көзінің дайындығы бойынша Жол картасы» негізінде жүргізілуде. Бұл бағытта облыстық бюджеттен «Қызылордажылуэлектрорталығының» 2 дана газотурбиналық қондырғысы мен КУВ-30 су қазандығы күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 9 бу қазандығы мен 1 бу трубинасы, 18 автономды қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы жөндеу жұмыстары қазір 52 пайызға орындалған. Сондай-ақ жаңғыртуды қажет ететін 8,9 шақырым жылу желісінің 8 жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Қазіргі таңда оның 7-еуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мамандар аталған жоба орындалған жағдайда жылу желі­лерінің тозуы 2,9 пайызға тө­мендейтінін айтады. 

Бүгінде өңірде 532 білім, 247 денсаулық, 288 мәдениет және спорт нысандарында жылу маусымына дайындық жүргізілуде. Сонымен бірге 20 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтары қайта жаңғыртыла­тын болады. Оның ішінде 12 білім беру, 5 денсаулық сақтау, 3 спорт ғимара­ты бар.

Облыстық энергетика басқар­масының есебінше, алдағы қыс мезгіліне аймақ бойынша барлығы 238 мың тонна көмір қажет болады. Облыс тұрғындарына оның 205 мың тонна бөлінсе, әлеуметтік нысандар үшін 33 мың тонна қатты отын қарастырылған. Ал қазіргі күні 35,8 мың тонна көмір қоры жасақталып, бағасы 16700-21500 теңге аралығында сатылуда.

Ал қала бойынша барлығы 190 шақырым жылу желілері бар. Оның 35,7-сі магистральды, 154,3 шақырымы – кварталаралық жылу желісін құрайды. Биыл қаладағы жылу желілерінің тозуын төмендету және жылу ысырабын азайту үшін 14 шақырым жылу желісін жөндеу көзделуде. Оған республикалық бюджеттен 8,1 млрд теңгеге 6,6 шақырым, бюджеттік несие есебінен 922,7 млн теңгеге 2,3 шақырым жылу желісі мен кәсіпорынның өз қаражатынан 41,3 млн теңгеге 5,1 шақырым жылу құбырын жаңғырту жоспарланған.

«Қызылордажылу­электрорта­лы­ғы» КМК маманы Хасен Иманғалиев жылу мерзіміне дайындық барысында қосалқы қондырғылар мен жылу желі­леріне температуралық және гид­рав­ликалық сынақ жүргізілгенін ай­тады. Нәтижесінде одан 161 ақау анықталып, бүгінде оның 82-сі қал­пына келтірілген. Ал орын алған ақауларды қалпына кел­тіру жұ­мысы жоспарға сәйкес жүргізілмек.

Өңірдегі жылу маусымына дайын­дық барысы осындай. Қыстың қақаған суығында жылусыз, жарықсыз қалған өзге өңірлердегі былтырғы ахуал баршаға сабақ болуы тиіс. Қыстың қамын жаз ойла» деген халқымыз не нәрсеге де мезгілінен бұрын қамданған. Қара суық күнде жылы да жайлы орында бой жылытқанға не жетсін? Қазір бұрынғыдай от жағып, күл шығаратын заман артта қалып, алты ай қыста көпшілік ор­талықтандырылған жылу жүйесі мен газдың рахатын сезінеді. Сондықтан қала тұрғындары сарышұнақ аязда әлекке түспес үшін тиісті орындар бүгіннен бастап қамдануы қажет.

Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына, коммуналдық кәсіп­орын басшыларына жылу беру нысандарын мерзімінде жөндеуді, қажетті отын қорын жасақтауды аймақ басшысы қатаң тапсырған. Тапсырманың қаншалықты орын­далғаны алдағы жылу беру мау­сымында белгілі болады.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: