Сенбі, 08 қараша, 18:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Жылыту маусымы басталды: Мамандар өрт қауіпсіздігін сақтауды ескертті

08.11.2025

48 0

Фото: автордан

Астанада өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында профилактикалық жұмыстар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарайшық ауданы бойынша төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Бақыт Қожакеев өрт қауіпсіздігі іс-шарасы шеңберінде бірқатар профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Өрт оқиғалардің негізгі себептер – электр желілеріндегі қысқа тұйықталу және қараусыз қалған пештер.

Бүгін біз алдын ала анықталған мекенжайлар мен келісімдер бойынша әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғын үйлерге барып, көмірқышқыл газының датчиктерін орнатып жатырмыз. Егер қажеттілік болса, пештер мен түтін тартқыш құбырларға жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Барлық қажетті құрал-жабдық пен құрылыс ерітіндісі өзімізбен бірге жеткізілді. Сонымен қатар аудан әкімдігімен бірлесіп, түтін мұржаларын тазарту жұмыстарын да ұйымдастырып отырмыз, – деді Қожакеев.

Мұндай көмек бұрын бұл жұмысты өз бетімен атқара алмаған тұрғындарға көрсетіліп жатыр.

Қазіргі таңда Сарайшық ауданы аумағында 374 көпқабатты тұрғын үй және 3 329 жеке тұрғын үй бар. Барлық жеке сектор толықтай бақылауға алынды және 100% аула аралау жұмыстары жүргізілді. Әсіресе көпбалалы отбасылар, қарттар мен жалғыз тұратын зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын үйлер ерекше назарда. Мақсатымыз – өрттің алдын алу және тұрғындардың улы газбен улану оқиғаларына жол бермеу, – дейді құтқарушы.

Өрт сөндірушілер қыс маусымы басталғандықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.

Ең алдымен жылыту маусымы басталар алдында пештер мен түтін мұржаларын тазалап, олардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Егер жарықтар немесе сызаттар болса, барлығын ерітіндімен бітеу керек. Бұл улы газдың тұрғын үй ішіне тарамауы үшін маңызды.

Екінші кезекте – электр желілерін тексеру қажет. Изоляциясы зақымданған сымдар, сынған розеткалар мен қосқыштар болса, оларды дереу жөндеу керек. Сондай-ақ электр құрылғыларын жанғыш негіздерге орнатуға болмайды. Бұл да жиі кездесетін қателіктердің бірі.

Балалардың отқа деген қызығушылығы жоғары. Сондықтан ата-аналар әрдайым бақылауда ұстауы тиіс. Балаларды үйде қараусыз қалдырмаңыздар. Себебі мұндай жағдайларда өрт шығу қаупі айтарлықтай артады, – деді Бақыт Қожакеев.

Сарайшық ауданының тұрғыны Родион өз үйінде жүргізілген өрт қауіпсіздігі профилактикалық шараларына ризашылығын білдірді. Тұрғынның айтуынша, қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр үй иесінің міндеті.

Мұржаны мамандармен бірге қарап шықтық, екі кірпіш бос тұрған екен. Бүгін тазалау кезінде сол кірпіштерді алып тастадық. Енді ауа райы мүмкіндік бермей тұр, бірақ кейін жөндеу жұмыстарын жасап, ерітіндімен бекітемін. Кешке ұйықтар алдында міндетті түрде пешті тексеріп шығамын, – деп айтты тұрғын.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, төтенше жағдайлар қызметі мен аудан әкімдігі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осындай түсіндіру және техникалық көмек жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: