Жұма, 27 желтоқсан, 04:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жылыжайдың лимоны пісіп тұр

26.11.2024

489 0

Қызылордалық Ақерке  Тәжееваның лимоны өткен жылдан-ақ өнім бере бастаған. Ол 3 жыл бұрын «Болашақ» университетінің жылыжайында тропикалық, субтропикалық өнімдерді өсіруді қолға алды. Бағбанның  өңірде лимон өсірем деген сөзіне алғашында ешкім сенбеген. Алайда ол өзінің табандылығының арқасында лимон ағашын жайқалтып, көктетіп қойды. Ал өткен жылы алғашқы өнімін ала бастады.

– Жылыжайға алғашында Бақберген Досманбетов ағайымыз Өзбекстан­нан мамандар әкелді. Еккен көшет­тің бәрі өліп қалды. Олар «суларың тұзды,  топырақ сор. Сондықтан бұл жерге  лимон өспейді» деп кесіп айтқан еді. Артынша 210 шаршы метр аумаққа Сарыағаштан көшет әкеп ектім. Әдепкіде қыста өнім берді. Әр бұтақтан 2-3 келі өнім жинадым. Болашақта одан көп өнім алуды жоспарлап отырмын. Бізде жаз ыстық және желді. Ал қыста өте суық. Сол үшін жылыжайдың ауасын қалыпты ұстап тұру  керек. Лимон негізі салқындау ауаны ұнатады.Лимон 3 жылдан кейін өз-өзіне келіп жақсы өнім берді. Әр түптен 3 келі өнім аламыз. 9 жылдық лимон 180 келі бергенін де көрдік. Лимонның жақсы жері 3 жылдан кейін өнімін аламыз. Бір өсіп алған соң көп күтімді қажет етпейді. Көктемде гүлдеген кездегі аңқыған иісі денсаулыққа пайдалы. Өнімін жинап сатамыз, ал көшетті қаламшадан көбейтуге болады. Адамның шашы өскенде абыржиды ғой. Лимон да сондай,  артық бұтағын қиып отыру керек.  1-2 айда қиып отырамыз. Қаламшадан көбейтіп, көшетін сатуға болады. Лимон ағашы химияны қажет етпейді, – дейді жылыжай өсіруші.

Лимонның негізгі отаны Батыс Қытай және Батыс Индия деп танылған. Әрбір лимон ағашы 80-90 жыл өмір сүреді.  Оның жемісі 9 айда піседі. Адам баласы  да ананың құрсағында 9 ай жататындықтан лимонды адамның өміріне теңеп жатады.  Дүние жүзінде адам ағзасына пайдалы балдан кейінгі екінші орында осы лимон болып табылады екен. Мысалы, бас ауырғанда ішетін цитрамон дәрісін лимонның дәнінен алады дейді мамандар. Ал оның қабығы кондитерлік өнім ретінде қолданылады. 

Біздің өңірге таңсық өсімдікті жылыжайда өсірем деп талаптанғандарға да бағбан өз кеңесін бере кетті.

– Қазақта көңді «бықырма» десе, өзбектер «шәрбат» дейді. 200 литрлік ыдысқа тауықтың немесе малдың қиын салып, су құйып айналдырып отырса бықырады. 1-2 аптада дайын болады. Соны құйып құнарландырады. Биыл 1 түптен 10 келі өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз.  Құпия дұрыс қиюда деп ой­лаймын. Өзінің буыны болады. Оны кеспеу керек. Бұл лимон мен апельсиннің будандасқан түрі. Ташкент сұрпы. Атын «Мир» деп атаған. Жылына 2 рет өнім аламыз. Қиған бұтағын қаламша етіп, қайта  отырғызамыз. Тамырлататын қоспа болады. Лимон тұқымынан да шығады, бірақ жеміс бермейді.  Оны өнім берген бұтақпен будандастырса ғана өнім береді. Банан да ектім. Өсіп тұрғанына 1 жыл болды, өнімін енді береді.  Папайя өсіріп жатырмын. Оның ұзындығы 5 метрге жетті, – дейді Ақерке.

Жылыжай кәсібімен 20 жылдан бері айналысатын Ақерке Тәжекеева қала тұрғындары үшін қысқы бақ өсірсем деген арманын да айтып қалды. Оның айтуынша, қалалықтардың қысқы мез­гілде демалатын, баратын жері көп емес. Сондықтан қысқы бақ ашып, онда тропикалық ағаш өсіріп, ондағы көлде балық жүзіп жүрсе, жерлестеріміз, келген қонақтар  демалса қандай ғажап. Банан­ның қайда өсетінін балалар қысқы бақтан көрсе деген ойы  бар.  Осы жобамен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен жолығып, келісімін алған. Болашақта жоба өміршеңдікке ие болса, туған өлке төрінен қаһарлы қыста тропикалық жеміс­пен көріктенген қысқы бақты тама­шалайтын боламыз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: