Пенде болғасын ақ пен қарасы қатар жүретін өмірде көп сүрініп, көп қателік жасап жатамыз. Ал сол қателіктерімізге, пенделік пейілімізге қала мен ауыл сыртындағы көп қорым үнсіз ескерту жасайтындай. Алайда сол зираттар бүгінде «қалаға», «биік ғимаратқа» айналғандай. Байқасаңыз, «байлардың» жарысы қазір бейіт басын қарайтуда да өріс алуда. Бірінен-бірі асып түскісі келіп, қайтыс болған ағайын-туысының, ата-анасының моласын «зәулім сарай» қылып соғады. Одан қалды «қайтыс бола қалсам» деп сол зәулім сарайдың айналасынан жер алып қою, алдын ала оны қоршап қою белең алуда. Жаға ұстатар жайтты қала мен ауыл іргесіндегі зираттарға бара қалсаңыз, байқауға болады. Бірінен бірі биік, бірінен бірі әдемі. Бағалы тастан салынған көбі. Қосымша жері барларды да кездестіруге болады.
Иә, әр адамның қайтыс болған жақынының алдында міндеті бар. Ол – аруақты ақтық сапарға шығарып салу. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, мұны шариғат та, салт та міндеттейді. Алайда қайтыс болған адамға «зәулім сарай» соғып, ысырапшылдық жаса деген сөз емес. Бірақ қазір осыған қарамастан астамшылық көп. Оны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Оған əлеуметтік жағдайдың өзгеруі, адамдардың деңгейлерінің əртүрлі болуы итермелеп отырғандай. Бұған ел ішінде көп адамның діни қағидаларды білмеуін қосыңыз.
Ертеде қазақ қайтыс болған адамды жөнелту оңай еместігін айтып кеткен. Алайда қазір тіптен күрделеніп барады. Зиратты зәулім етіп салу, бейнесін тасқа қашау тиылмай келеді. Молдалар қанша рет «бейітті зәулім сарай етіп салмаңыздар, бейіттің басына адамның суретін қашап салмаңыздар» деп ескертулер де жасады. Бірақ оған құлақ асатын жан аз.
– Егер жерді алып қойған адамның ниеті дұрыс болса, онда ол теріс амал емес. Мысалы, қарт кісі өзінің хал-жағдайының оңалмасын, соңғы сәтінің таяғанын сезді делік. Ондай жағдайда балалары мен жақын туысының не жарының жанынан жер алып қоюды тапсырады. Бұл қатты сыналатын жағдай емес. Мұсылман Жаратқан құзырына қайтатынына иман келтіріп, кісіге сауап жазылады. Бірақ жерді белгілеген соң алдын ала зәулім қылып мазар тұрғызу шығын болып есептеледі. Алайда қада қағып, сым жүргізіп, іргетас құйылмаған кірпішпен бір-екі қатар қоршап, белгі қалдырып қойса, оны құптауға болады. Бастысы – ысырапшылдыққа бармау, – дейді дінтанушы Бақтияр Оспанов.
Кейбіреулер мұндай үрдісті қайтқан адамға деген жақындарының құрметі деп бағамдайды. Алайда ол құрмет діни талаптардың шегінен шықса, керісінше, сауап емес күнəға соқтыратындығын əрбір адам білгені жөн. Өйткені, Құран Кəрімде Ағраф сүресінің 31-аятында: «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ, ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді ұнатпайды» делінеді. Яғни астамшылыққа жол беру күнə болатынын естен шығармау керек. Бұл жерде тек ақшаның ғана емес, адамды жерлейтін жердің өзі ысырап болып жатқанын байқауға болады. Бірнеше адамды жерлеуге болатын орынға үлкен ғимарат салып, оны тағы қоршау ешкімге пайдасы жоқ дүние. Өйткені марқұмның балалары, ағайын-туысы өздерінің көзінің тірісінде оның басына барып дұға бағыштайды. Қалғанының бәрі уақытша дүние.
Жалпы дінге, оның ішінде ғалымдардың сөзіне сүйенсек, зиратты анау айтқандай әспеттеп, қоршау салудың қажеттігі жоқ. Тек марқұмның ағайын-туысы, жақын-жуығы адасып қалмас үшін басына тас орнатып, аты мен руын жазса да жеткілікті. Атам заманнан келе жатқан, бабаларымыз қолданған негізгі заңдылық осы ғана. Өйткені тірілер салған зәулім сарай, әсіресе, қашалып жасалған суреттің, оған жазылған түрлі сөздердің қайтыс болған адамға тиер еш сауабы жоқ. Дінімізде айтылған ең жақсы амал – адамның өзі тірісінде істеген жақсылықтары мен ізгі амалдары.
Дінімізде қабірдің топырағына күмбезді ғимарат салып, көк тасына мадақтаушы немесе тағдырға қарсылық білдіретін сөздерді жазбау керектігі тайға таңба басқандай анық айтылған. Яғни, мұндай өрескел қателіктерге дінімізде рұқсат жоқ. Бірақ исламда қабірді жерден бірнеше қарысқа көтеріп, кірпішпен кішкене өру, басына көк тас орнату, қайтыс болған адамның аты-жөнін жазуға қарсылық жоқ.
– Елдің талғамы әртүрлі. Қазақта төртқұлақ өреді ғой. Соған сәйкес, көбіне 40/60 см өлшемінде болады. Тастар да әрқилы. Ел «Қаратас» деп атайтын, гранит деген тас бар. Сапасы да жақсы, бағасы да қолайлы. Әрі жазған жазу, сурет анық басылады. Сондықтан көбіне сол гранитпен жұмыс жасаймыз. Бір көктас жасау 40-60 мың теңге шамасында. Тапсырысты бір апта, он күн көлемінде бітіруге тырысамыз. Басқа да тастардан жасауға болады. Қымбат тастың түрлері де жетерлік. Шамасы жеткендер бағалы мәрмәрдан қашатады. Ол тапсырыс берушінің қалауына байланысты. Ал тастардың қайдан келетінінен хабарым жоқ. Өзіміз Алматы, Шымкент қаласынан алдырамыз. Сонымен бірге бұрын белгіге сурет салдыру да болды. Соңғы жылдарды бұл әдет азайып келе жатыр. Имамдар мен ақсақалдар насихаты арқасында ел түсіне бастады деп ойлаймын, – дейді көктас жасаушы шебер Қанат Ізбасаров.
P.S. Қорыта айтқанда, тірілердің қайтыс болған жақынының басына үлкен, көздің жауын алатын әсем ғимарттар салуы Алла алдында сауап алып келетін іске жатпайды. Сондықтан бейбіт күнде бос ысырапшылдық жасамай, сол зәулім сарай мен мәрмәр тастарға жұмсалған ақшаны көмекке мұқтаж жандардың игілігіне жұмсаған абзал. Біздіңше, Алла алдында сауапты іс сол болмақ.
К.АҚТАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!