Жұма, 27 желтоқсан, 13:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

1 литр сүт 14 млн теңге: мәселе неден шықты?

29.03.2022

903 0

Әлеуметтік желіні желдей шулатқан ақ­параттың бірі 14 млн теңгелік сүт болып тұр. Журналист Нартай Аралбайұлы Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы білім бөлімі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 1 литр сүтті 14 млн теңгеден сатып алмақ болған деген ақпарат таратты. Нартайдай кәсіби журналист айтқан ақпараттың дереккөзі болатыны анық. Себебі өз мамандығына адал әрбір тілші тарататын ақпаратының анық-қанығына әбден көз жеткізбейінше елге ұсынбайды. Алатын затын өз құнынан бірнеше есе қымбат етіп көрсету дерегі Қызылорда облысының тағы бір ауданынан анықталып отыр. Бұл жолы Қармақшы ауданындағы мектеп мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бір күртенің бағасын 1670143 теңгеге бағалаған. Мәселенің мән-жайына үңілген республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев ел газетіне «Бір күртенің бағасы – 1670143 теңге!» атты мақала да жариялады.

Әңгіменің әлқиссасы осылай өрбіген соң мәселені тереңдетудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Біз тек анық-қанығын айтуды жөн деп таптық. Ақпарат көздеріне сүйенсек, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ара­сында ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру туралы Жол картасы жасалған. Осы Жол картасының 22 тармағына сәйкес, агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу бағасын қолдан көтер­гендерді анықтап, сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін анықтауға мүмкіндік беретін «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы ар­қылы облыс көлемінде жарияланып жатқан немесе жоспарланып отырған мемлекеттік сатып алуларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.

Мониторинг барысында Қармақшы ау­данындағы №275 орта мектебі мемлекеттік сатып алу порталында балаларға алынатын 1 күртені 1670143 теңгеге бағалап, 125 күртені 208767875 теңгеге сатып алуды жоспарлағаны анықталып отыр. Бұл кем­шілік бойынша ұсыныс жолданып, 1 күр­тенің бағасы 16701 теңгеге түсіріліп, 206680197 теңге мемлекет қаражаты кері қайтарылған. Ал Шиелі аудандық білім бө­лімі 1 литр табиғи сүтті 14577000 теңгеге бағалаған көрінеді. Бағаларды қайта қарау кезінде сүттің литріне кететін қаржы 223 теңгеге түсірілген.

Бұл ақпарат сол сәтте-ақ жер-көкті шар­лап, бүкіл әлеуметтік желіні аралап кетті. Осыған байланысты облыстық білім басқар­масының басшысы Ақзира Қасымова өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында  брифинг өткізді.

Басқарма басшысының айтуынша, әлеу­меттік желіні желдей ескен Қармақшының мектебі мен Шиелінің білім бөліміне қатысты мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған ақпаратта техникалық ақау орын алған. Шиелі аудандық білім бөлімі бір литріне емес, бір жылдық қаражаттың көлемін көрсеткен екен.

– Бұл мәселелерге қатысты тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Шиелі аудандық білім бөлімі 1 литріне емес, 1 лот яғни жылдық соммасын 14 млн 577 мың тең­гені көрсеткен. Ал Қармақшы аудандық білім бөлімінің №275 орта мектебі мемлекеттік сатып алу порталында жылдық жоспарды орналастыру барысында техникалық қателік жіберілгені анықталды. Яғни бір күртенің негізгі бағасы – 16 701,43 теңгеден болуы қажет. Алайда техникалық қателіктің кесірінен 1 млн 670 мың 14 теңге көрсетілген. Аталған деректер бойынша тиісті шаралар қабылданып, бөлінген қаржыға сәйкестендірілді. Ал жауапты сала мамандарына тәртіптік шаралар қолданылды, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: