Кассациялық сот мемлекеттік сатып алуға байланысты 104 миллион теңге бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша шығарылған үкімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Кассациялық соттың дерегіне сүйеніп.
Бұрынғы вице-төраға Т., министрліктің бір комитетінде мемлекеттік ақпараттық жүйені енгізуге жауапты болған. Ол мердігер компанияның басшысы К.-мен бірге қылмыстық схема ұйымдастырған. Негізінен дұрыс жұмыс істемеген ақпараттық жүйе «техникалық қолдау» деген желеумен жалған қызметтер көрсетуге пайдаланылған. Осылайша бюджеттен негізсіз ақша аударылып отырған. Мердігер кепілдік бойынша тегін атқарылуға тиіс жұмыстарды ақылы қызмет ретінде көрсетіп, жалған құжаттар дайындаған.
Бірінші инстанция сотының үкімімен Т. 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды, сондай-ақ оған берілген «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы» мемлекеттік наградасы қайтарылды, – делінген соттың хабарламасында.
К. да дәл осындай мерзімге сотталып, оған информатизация нысандарын әзірлеумен байланысты компанияларда 7 жыл бойы басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Мемлекетке келтірілген 104 миллион теңге залал екеуінен бірлесіп өндіріледі, ал төлемді қамтамасыз ету үшін олардың жеке мүлкіне тыйым салынған.
Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ал қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алдыңғы соттардың шешімдерін заңды деп таныды.
Соттың мәліметінше, «техникалық қолдауға» жұмсалған шығындар негізсіз болған, ал бюджет қаржысы айыпталушылар арасында заңсыз бөлінген.
Бұған дейін СҚО-да мекеме бухгалтері бюджеттік қаражатты иемдегені үшін сотталғанын жазды. Ол 17 млн теңгені бес жыл бойы бюджет ақшасын жеке шотына аударған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
