Бейсенбі, 09 қазан, 20:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

11 млн теңге параны ректор тоңазытқышта сақтаған

09.10.2025

54 0

Фото: unsplast.com

Батыс Қазақстан медицина университетінің бұрынғы ректоры Әсет Қалиев пен кәсіпкер Инессә Мұтырғанова пара ісі бойынша сегіз жылға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еrtenmedia.kz мәліметінше, 2022 жылдың күзінде ректор қызметіне тағайындалған Қалиев көп ұзамай ескі танысы, кәсіпкер Инессә Мұтырғанованы тауып алады. Қалиевтің ұсынысы бойынша университет жанынан онко науқастарды оңалту бөлімшесін ашу жоспарланған. Бұған Samruk-Kazyna Trust қорынан ақша алынуы тиіс болған.

Ректор қордан ақша суырудың схемасын алдын ала ойластырған.

Мұтырғанова өзіне бағынышты компаниялар атынан мед.жабдықтар туралы коммерциялық ұсынысты Қалиевке жолдайды. Кейін дәл осы компаниялар бөлінген ақшаны игеруге арналған тендерді ұтып алады деп келісілген.

Көп ұзамай жоспар іске асады. Қор университетке 250 миллион теңгеге жуық қаржы аударады. 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың сәуірі аралығында университет Мұтырғановаға қатысы бар компаниялармен 195,6 млн теңгенің келісімшартына қол қояды.

Осы кезде кәсіпкер «дәметіп» отырған ректордың үлесін кешіктіре бастаған. «Рахметін» күтіп, тағаты таусылған ректор Қалиев те 116,8 млн теңгенің құрал-жабдық ақысын аударуды тоқтатып қойған. Тергеудің мәліметінше, осы арқылы ол кәсіпкерді кездесуге мәжбүрлеген.

Ақыры 2024 жылдың 28 мамырында Мұтырғанова Ақтөбедегі қонақүйдің бірінде 11 млн 600 мың теңгені Қалиевтің қолына ұстатады. Сол күні кешкісін Антикор қызметкерлері Қалиевтің үйіне сау етіп кіріп келіп, пара ретінде берілген ақшаны тоңазытқыштан тапқан.

Бастапқыда экc-ректор да, кәсіпкер әйел де кінәсін мойындамаған. Қалиев әлгі ақша онко науқастарға арналған оңалту орталығын ашуға берілген спонсорлық екенін алға тартқан. Сот барысында Samruk-Kazyna Trust өкілдері жабдықтарды презентациясын өткізу туралы талап қоймағанын айтып, айыпталушының сөзін жоққа шығарды.

Сөйтіп Әсет Қалиев пен Инессә Мұтырғанова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуіне де өмір бойы мем.қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бұған қоса, бұрынғы ректор «Ерен еңбегі үшін» медалінен айырылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: