Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорынның бухгалтері бюджеттен 118 млн теңге жымқырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлайды kursiv.media
Прокуратураның мәліметінше, ол қаражатты букмекерлік кеңседе бәске тіккен.
«Лудоманияға шалдыққан кәсіпорынның бухгалтері компания қаражатын заңсыз пайдаланып, оларды «1XBet» букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен. Сондай-ақ ұрланған ақшаға жаңа автокөлік сатып алған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 118 миллион теңгені құрады», – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс қозғалды
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Істі арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.
Сот санкциясымен күдікті қамауға алынып, сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.
Айта кетейік, 2025 жылы БҚО-да букмекерлік кеңселерде бәс тіккені үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері қызметінен босатылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
