Бүгін Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінің психологы Ақгүл Аманова жаза мерзімін өтеп жүрген әйел азаматшалармен тренинг жүргізді. Қазіргі таңда мекемеде 13 азаматша жазасын өтеуде. Олар абайсызда қылмыс жасап, сот үкімімен 5 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылғандар.
Тренинг барысында психолог маман қандай жағдай болмасын күйзеліске берілмей, өмірдегі барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, жаңа бір ортаға қалай тез бейімделіп кету, оны жеңуге болатынын айтып, психологиялық кеңес берді. Әйел азаматшалар да белсенділік танытып, өз ойларын ашық айтып, маманға сұрақтарын да қойды.
«Тренинг барысында көптеген қызықты әрі пайдалы кеңестер алдық Жазамды өтеп жатқаныма бір жылдан асты. Алаяқтық бабымен сотталдым. Бостандықта жүріп қу ақшаның соңынан еріп, ақымақтық жасадым. Отбасым, балаларым бар. Олар да мені асыға күтуде. Кейде күйзеліске де түсіп, мекеме психологына жүгінемін. Әрдайым психологиялық көмек беріп, тығырықтан шығуымызға көмектеседі,-дейді сотталған азаматша.
Біздің басты міндетіміз- жазасын өтеушілердің өмірге деген құлшынысын арттыру. Сотталған арасындағы ахуалды дер кезінде анықтап, оларды ұйымшылдыққа шақыру жұмыстарын да атқарамыз. Түрме қабырғасында жүріп күйзеліске түсіп кететін әйелдер де аз емес. Осындай психо-эмоционалдық қиын жағдайда оларға психологиялық көмек көрсетеміз»,- дейді психолог маман.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!