Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне 29-30 маусым күні алаяқтың құрбаны болған жеті қала тұрғындары арызданды.
Олардың айтуынша, белгісіз азаматша қайтарымсыз несие алып беруге уәде беріп, алдау жолымен 525 мың теңге ақшаларын жымқырған. Аталған азаматша бүгінгі күнге дейін уәде етілген несиелерін де, ақшаларын да қайтармаған.
Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде қала тұрғыны ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық, бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі таңда, алаяқтың басқа да істерге қатыстылығы анықталуда.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының басшылығы азаматтарға қырағы болу және бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін тағы да ескертеді. Несие немесе басқа да әлеуметтік-материалдық көмек алуда күмәнді көмек ұсынатын, сондай-ақ ақша үшін жұмысқа орналасуға уәде беретін әр түрлі алаяқтарға шамадан тыс сенім білдірмеңіз. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!